Бекбол Мираштың қазасынан кейін Жамбыл облысы шекара қызметінің қызметкерлері жұмыстан қуылған
Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бөлімінде әскери міндетін өтеуші қайтыс болғаннан кейін бірнеше қызметкер қызметтен шеттетілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

ҰҚК төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, бұл қызметтік тексеріс нәтижесінде жасалған.
"Жамбыл облысы бойынша шекара қызметінің департаментінің бастығы қызметінен, дәл осы застава орналасқан жердегі шекара бөлімінің бастығы, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, застава бастығы, олар да қызметінен босатылды. Олардың ісі қаралып жатыр, бірақ тергеудің аяқталуын күтуде. Содан кейін бұл тұлғаларға басқа да шаралар қабылданады", - дейді ол.
Іс бойынша тергеу жүріп жатыр, Ерлан Алдажұманов бұл жөнінде толық мәлімет бергісі келмеді.
"Мен түсініктеме бере алмаймын, тергеу жүргізіп жатқан жоқпын, тергеу материалдарымен танысуға рұқсатым жоқ. Егер мен айтсам, ертең қылмыстық жауапкершілікке тартыламын. Адвокаттың уәждеріне келсек, мен ешқандай тұспал келтірмей-ақ қояйын, бұл басты күдіктінің адвокаты екенін ғана айтайын. Өзіңіз де түсінесіз ғой, солай емес пе? Сондықтан ол қорғаныстың осы түріне жүгінді. Тергеу аяқталады, сол кезде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені белгілі болады. Тергеу нәтижесін күтуіміз керек. Ол сәл күнде белгілі болады", – деп атап өтті ҰҚК төрағасының орынбасары.
- "Ақшаны өзімнен сұрағанда, қарыздансам да тауып беретін едім ғой": Жамбыл облысында көз жұмған сарбаздың әкесі ұлының өлімі жайлы
- "Бейбіт заманда қаншама жас жігіт қаза тапты": Неліктен қазақстандықтар әскерге барғысы келмейді
Өткен жылдың 19 тамызында 18 жастағы қатардағы жауынгер Бекбол Мираш өз-өзіне қол жұмсады. Аталған факті бойынша тергеу басталып, істі ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаменті тергеп жатыр. Қыркүйек айында күдікті "Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті және өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша ұсталған, қазір ол қамауда отыр.
Бастапқыда жігіт қызбен жанжалдасып, өз-өзіне қол жұмсады деген болжам айтылған. Содан кейін журналист Гүлмира Әбіқай Facebook парақшасында марқұмның қызы бұл нұсқаны жоққа шығарып, жігіттің адамдардан қорқатынын айтқан хабарламаларын оқыған видеосын жариялады.
Одан кейін күдіктінің адвокаты Сержан Пралиев БАҚ өкілдерімен кездесуде сараптама қорытындысына сәйкес, сарбазға зорлық-зомбылық пен бопсалау жасалуы мүмкін екенін айтқан.