"Менің жеңісіме ешкім сенбеді": Министр Аймағамбетов қалай 21 жасында депутат болғанын айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бітіруші түлектерді соңғы қоңырау мерекесімен құттықтап, оларға бірқатар кеңестерін айтты. Өзінің басынан өткен оқиғаларды еске алып, жетіске жету құпиясымен бөлісті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Сіздер оқуларыңызды аяқтап жатырсыздар. Кейбір түлектер жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түссе, енді біреулері жұмыс істейді. Қалай болса да, алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр", - деді министр.
Білім және ғылым министрі үш кеңесін айтты.
"Біріншіден, ешқашан қиындықтарға мойымаңыздар. Көздеген мақсатыңа жету жолында әлдебіреудің айтқанына ермей, тура жолдан таймау керек.
Екіншіден, қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі.
Үшіншіден, басқаларға қарағанда ерекше болудан ұялмаңыздар. Ең бастысы өзіңізге адал болыңыз. Басқа адамдармен араласып, дос болыңыздар. Ата-аналарыңа қамқор болып, бауырларыңызбен байланысты ешқашан жоғалтпаңыздар, – деді министр.
"Мектепті бітіргеннен кейін бірден грантқа түсе алмадым. Жалпы жақсы баллға қарамастан, бейіндік пәннен тиісті балл жинай алмаған соң грант ұта алмадым. Мен мұны үлкен қателік деп санадым және бұл маған ақырзаман сияқты көрінді. Бірақ содан кейін бәрін қолға алдым. Бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грант ұттым. Бұл маған көп нәрсені үйреткен жақсы сабақ екенін түсіндім. Өз күшіңе деген мықты сенім және қателіктерден кейін қалыпқа келу сіздің өмірдегі ең жақсы достарыңыз болады, - деді министр өз тәжірибесін бөлісіп.
Министр диплом алғаннан кейін мәслихат депутаттарын сайлау туралы хабарландыруды кездейсоқ көріп қалған кезін еске алды. Достарымен кеңескеннен кейін ол сайлауға қатысуға шешім қабылдапты. Ол кезде 21 жастағы Аймағамбетовтің жеңісіне күмәнданғандар көп болған.
"Өзімнің штабымнан басқа ешкім жеңіске сенбегеніне, 11 бәсекелестің, бизнесмендердің, басшылар мен белгілі қайраткерлердің болуына қарамастан, еңбек пен табысқа деген сенімнің арқасында мен, қарапайым жігіт, бұл сайлауда жеңіске жеттім", – дейді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі.
Төрт жылдан кейін Аймағамбетов қайта сайланып, өзінің жетістігін бекітті. Білім министрлігінің басшысы түлектерге өздерінің күштері мен армандарына сенуге, құласа, қайта тұруға кеңес берді және тағдыр мақсаты анық әрі бірбеткей адамдарды жақсы көретінін баса айтты.
Сондай-ақ, министр түлектерге университет таңдауда өз кеңесін айтты.
"Қазір қай университетті таңдау керектігін ойланып жүрсіз. Бұл өте маңызды мәселе. Енді әрбір жоғары оқу орны мемлекеттік емес, өз дипломдарын береді, осыны біле жүріңіздер. Яғни, егер сіз әлсіз университеттің дипломын алсаңыз, онда бұл диплом жұмыс берушілер үшін жарамсыз болуы мүмкін. Келесі жылдан бастап тек дипломның болуы жеткіліксіз болады, нақты білім мен дағдылардың болуын дәлелдеу қаже. Тіпті оны сертификатпен растайсыз. Оқудың арзандығы, сабаққа қатыспау мүмкіндігі, емтихан тапсырмауға алданып қалмаңыз. Бұл уақытты, ақшаны нөлдік нәтижемен жоғалту. Университеттің беделіне, жұмыс берушілердің пікіріне, халықаралық аккредиттеуінің болуына, тарихына мән беріңіз", - деді ол.
Аймағабетов мықты түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырды. Оның айтуынша, білім сапасы, елдің болашағы жоғары оқу орындарын аяқтап шығатын мұғалімдерге тікелей байланысты.