Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында екі жеткіншек көлікпен бірге суға батып, көз жұмды

балалар көлік өзен
Фото: pexels.com

Қайғылы жағдай Ақмола облысы Целиноград ауданындағы суға толы карьерлердің бірінде болған. Отбасылық демалыс кезінде әпкелі-сіңлі көлікпен бірге суға батып, мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдай департаментінің алдын ала мәліметі бойынша, ішінде кәмелетке толмаған балалар болған жеңіл автокөлік белгісіз себептермен суға сырғып кеткен.

“Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Ақмола облысы мен Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары оқиға орнына жедел жетті. Құтқарушылар келген кезде оқиға орнында полиция қызметкерлері болған", – делінген хабарламада.

Құтқарушылар суға батқан автокөлікті шығарып, оның ішінен екі қыздың мәйітін тапты. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуді өңірлік полиция департаменті жүргізуде.

Sinegor.kz порталының мәліметінше, қаза тапқан қыздар туған әпкелі-сіңлі болған. Олардың жасы 8 және 12-де.

Алдын ала мәліметке сәйкес, 11 шілде күні отбасы Қызылжар ауылының маңындағы жасанды су айдынының жағасында түнеп демалған. Таңертең суға шомылып шыққаннан кейін қыздар киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған автокөлікке отырған. Сол сәтте көлік күтпеген жерден қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға түсіп кеткен. Балалардың әкесі оларды бірден құтқаруға тырысқанымен, көліктің есігін аша алмай, терезесін де сындыра алмаған. Салдарынан автокөлік аз уақыт ішінде суға кеткен.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 12 Шілде, 2026 13:51