"Анашым, мұны қаламадым": Нұрай Серікбайдың ұрланған күні анасымен жазысқан хаттары сотта оқылды
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кезекті сот отырысында судья Саммидин Темірлаев Нұрай Серікбай мен оның анасы Айгүл Сағынбекованың арасындағы хат алмасуды оқып берді. Судьяның айтуынша, бұл хабарламалар марқұмның отбасы берген айғақтарды растайды.
Белгілі болғандай, Нұрайдың анасы 2 қазанда қызына бірнеше рет хабарласқанымен, ол телефон тұтқасын көтермеген. Кейін әйел қызына қайта қоңырау шалуды сұрап хабарлама жіберген.
Ал 4 қазанда, яғни қыздың ұрланған күні, анасы тағы да байланысуға тырысқанымен, жауап ала алмаған.
"Осыдан кейін анасы "Нұрай, маған хабарласшы. Не істеп жүрсің?" деп жазған. Бұған дейін анасы, Нұрайдың ағалары және әкесі 4 қазанда оған хабарласа алмағанын, телефонының өшірулі болғанын айтқан еді. Сол күні анасы "Сенен мұндайды күтпеп едім" деп жазған. Бұған жауап ретінде Нұрай "Анашым, бәрі менің келісімімсіз болды. Мұны қаламадым" деп жауап берген", – деді судья Саммидин Темірлаев.
Судья хаттардың Нұрайдың туыстарының бұған дейінгі жауаптарын толықтай растайтынын айтты.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Алматыдағы саябақта агрессивті ер адам балаларға шабуыл жасады
