Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп сот шешіміне қарамастан, АҚШ-та дүниеге келгендерге азаматтық беруді шектеу туралы жарлыққа қол қойды

АҚШ бала туу
Фото: azertag.az

АҚШ президенті Дональд Трамп көші-қон саясатын қатаңдатуға бағытталған екі жаңа жарлыққа қол қойды. Құжаттардың бірі "босану туризміне" тыйым салса, екіншісі АҚШ-та туған кейбір шетелдіктердің балаларына автоматты түрде азаматтық беруді шектейді. Сарапшылар бұл бастамалар тағы да сотта даулануы мүмкін екенін айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа жарлықтар нені өзгертеді?

АҚШ президенті Дональд Трамп туған жеріне қарай автоматты түрде азаматтық беру құқығын ("jus soli" немесе "топырақ құқығы") шектеуге бағытталған екі жаңа атқарушы жарлыққа қол қойды. 

Бірінші жарлық АҚШ-та дүниеге келген кейбір балалардың автоматты түрде азаматтық алуына қатысты ерекшеліктерді кеңейтеді. Енді ата-анасының бірі террористік ұйымның мүшесі болса, АҚШ азаматтығын алаяқтық жолмен алуға әрекеттенсе немесе Америкада шет мемлекеттің ресми өкілі (мысалы, дипломат) ретінде қызмет атқарса, олардың АҚШ-та туған баласына азаматтық берілмеуі мүмкін.

Ақ үй бұл шешімді ұлттық қауіпсіздікті күшейту және АҚШ азаматтығының заңсыз пайдаланылуына жол бермеу мақсатымен түсіндіріп отыр.

Екінші жарлық "босану туризміне" толық тыйым салуды көздейді. Бұл тәжірибеде жүкті әйелдер АҚШ-қа туристік визамен арнайы келіп, баласын сонда дүниеге әкеледі. Себебі АҚШ заңнамасына сәйкес ел аумағында туған бала автоматты түрде АҚШ азаматы атанады.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Стивен Миллердің айтуынша, енді мұндай мақсатпен АҚШ-қа кіруге және туристік виза алуға рұқсат берілмейді.

"Мұндай адамдар өзін турист ретінде көрсетеді. Бірақ шын мәнінде олардың мақсаты – АҚШ-та бала туып, оған автоматты түрде азаматтық алып беру. Кейін ол бала АҚШ азаматтарына тиесілі барлық құқықтар мен жеңілдіктерді пайдалана алады", – деді Миллер.

Трамптың уәжі қандай?

Жарлықтарға қол қою кезінде Дональд Трамп "босану туризмі" жылдар бойы үлкен бизнеске айналғанын айтты.

"Мұндай мәселе әлдеқашан шешілуі керек еді. Қазір адамдар осының айналасында бизнес құрып отыр. Бай адамдар АҚШ азаматтығын туған жері арқылы алуды табыс көзіне айналдырды. Бұлай болмауы керек", – деді АҚШ президенті.

Трамптың пікірінше, бұл тәжірибе АҚШ-тың көші-қон жүйесін теріс пайдалануға мүмкіндік береді және елдің әлеуметтік жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Алайда тәуелсіз сарапшылар Трамп келтірген мәліметтерді асыра айтылған деп есептейді.

Көші-қон саясаты институтының бағалауынша, АҚШ-та жыл сайын "босану туризмі" нәтижесінде шамамен 22-26 мың бала дүниеге келеді. Ал АҚШ-тың ресми статистикасына сәйкес, 2024 жылы шетелдік мекенжайы көрсетілген аналардан 9 600 сәби туған. Сол жылы елде жалпы 3,6 миллион бала өмірге келген.

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ-та босану туризміне байланысты нақты қанша адамның келетінін немесе оның мемлекетке қанша қаржылық шығын келтіретінін көрсететін ресми есеп жоқ.

Неліктен мәселе дау тудырды?

АҚШ Конституциясының 14-түзетуі ел аумағында дүниеге келген және АҚШ юрисдикциясына бағынатын барлық адамдардың АҚШ азаматы екенін бекітеді. Бұл түзету 1868 жылы Азаматтық соғыстан кейін бұрынғы құлдардың құқықтарын қорғау мақсатында қабылданған.

Трамп 2025 жылдың қаңтарында президент қызметіне кіріскен алғашқы күні-ақ осы құқықты шектейтін жарлыққа қол қойған еді. Ол құжат бойынша ата-анасының ешқайсысы АҚШ азаматы немесе тұрақты тұруға рұқсаты (Green Card) жоқ болса, АҚШ-та туған балаға азаматтық берілмеуі тиіс еді.

Алайда бұл жарлық бірнеше сотта қаралып, ақырында 2026 жылдың маусымында АҚШ Жоғарғы соты оны Конституцияның 14-түзетуіне қайшы деп таныды. Осылайша сот АҚШ-та туған балалардың азаматтық алу құқығын тағы бір мәрте растады.

Құқықтанушылардың пікірінше, жаңа жарлықтар да сотта даулануы ықтимал. Калифорния университетінің заң профессоры Габриэль Чиннің айтуынша, президенттің АҚШ-қа белгілі бір мақсатпен келетін адамдардың кіруіне шектеу қоюға өкілеттігі бар. Алайда оның пікірінше, бала АҚШ аумағында дүниеге келгеннен кейін президенттің оны азамат деп танымауға құқығы жоқ.

"Президенттің елге кіруді реттеуге белгілі бір құзыреті бар. Бірақ бала АҚШ-та дүниеге келген сәттен бастап оның азаматтық мәртебесін президенттің жарлығымен өзгертуге болмайды", – дейді профессор.

Сарапшылардың айтуынша, "босану туризмі" АҚШ-тағы миллиондаған босанудың арасында өте сирек кездесетін құбылыс болғанымен, Трамп әкімшілігі оны көші-қон саясатын күшейтудің маңызды бағыты ретінде қарастырып отыр. Сондықтан жаңа жарлықтардың заңдылығы енді қайтадан АҚШ соттарында қаралуы ықтимал.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ билігі Браун университетіндегі атыстан кейін Green Card лотереясын уақытша тоқтатқан еді. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, атысқа күдікті елге осы бағдарлама арқылы кірген. Осыдан кейін Дональд Трамп әкімшілігі иммиграциялық талаптарды күшейтіп, грин-карта беру тәртібін қатаңдата бастаған еді.

Stan.kz
Жұма, 07 Тамыз, 2026 10:48