"Шәй құйып, сәлем салады, келіндік қызмет атқарады": Индонезиялық келін алған отбасы екі елдің тойы мен ерекше дәстүрлерін көрсетті
Желіде индонезиялық келінін көрсеткен қазақстандық әйелдің видеосы жұрт назарын аударды. Оның 24 жастағы ұлы Бақберген Индонезияның Джокьякарта қаласында туған Амара есімді арумен шаңырақ көтерген. Қазақстандық жігіт бүгінде жұбайының шай құйып, сәлем салып, келіндік қызметті де атқарып үлгергенін айтты. Екі ай бұрын екі ұлттың тойын жасаған қазақстандық отбасы Stan.kz тілшісіне ерекше той мен салт-дәстүр, шетелдік келін туралы айтып берді.
Алматылық Бақберген Мәлік таңдауы болған Амара есімді индонезиялық қызбен Түркияда оқып жүрген кезінде танысқан.
“Амара екеуіміз Түркияда бір университетте оқыдық. Түрікше үйреніп жүргенде таныстық. Басында 8-9 айдай жай дос болдық. Себебі бір-бірімізбен араласу өте қиын болды. Ағылшынша кішкене білдік. Солай сөйлесіп жүрдік. Ал қазір екеуіміз де түркішені жақсы меңгеріп алдық. Қазір түрікше мен ағылшыншаны араластырып сөйлесеміз. Солай достығымыз сезімге ұласты”, – деді Бақберген.
Қазақстандық азамат қазір жұбайымен Мәскеуде жұмыс бабымен жүр. Ол кәсіппен айналысатынын жеткізді. Ал индонезиялық ару Мәскеуде білімін толықтыруда.

“Кей туысқандар “неге қазақ қызын таппадың?” дегендей болды”
Бақберген шетелдік ару қарапайымдылығымен, жайлы мінезімен өзіне ғашық еткенін алға тартты.
“Біз дос болып жүргенімізде амараның әрдайым күліп жүретініне, қарапайымдылығына ғашық болдым. Ешқашан тәкәппарлық танытпаған, мінезі де өте жайлы. Сол қасиеттерін көріп сезімім ашылды”, – деп сипаттады Бақберген.
Қазақстандық азамат шетелдік аруға үйленетінін айтқанда туыстарының таңғалғанын жасырмады.
“Әрине кей туыстарым “неге қазақ қызын таппадың?” дегендей болды. Дегенмен достарым олай шошымады. Олар Амарамен танысқаннан кейін тез тіл табысып кетті. Негізі бәрі жақсы қабылдады деп айта аламын. Себебі біріншіден Амараның ұлты да мұсылман. Екіншіден біздегілер Индонезия туралы біле бермейді. Сондықтан нақты ештеңе айта алмады. Бәлкім орыс, үнді немесе тағы басқа ұлт туралы айтсам дін мен дәстүрге байланысты келіспеушіліктер болар ма еді? Ал отбасыма айтқанда анамда қарсылық болмады. Бірақ әкемде сәл қорқыныш болды. Ол біздің соңына дейін баратынымызға күмәнданды. Ал былайша неге қазақ емес, болмайды деген әңгімелер отбасымда болған емес”, – деп қосты ол.

Амараның отбасы да қазақ жігітін жылы қабылдаған. Жас жұбайлар алғашқы тойларын Индонезияда өткізген.
“Барлығы күліп, жылы жүзбен қарсы алды. Өзімді бөтен адамдай сезінбедім. Әрине, олардың тілін білмеймін, олар да қазақша сөйлемейді. Бірақ соған қарамастан бір-бірімізді жақсы түсіндік. Маған деген құрметтері мен қамқорлықтарын бірден сезіндім. Бірінші тойымызды Индонезияда жасадық. Себебі ол жақта барлығы алдын ала дайын болды. Кейін Қазақстанға келіп, беташар өткіздік. Индонезиядағы той мұсылман дәстүрімен өтті. Сондықтан олардың көптеген салттары бізге ұқсайды. Қыз ұзату жоқ. Бірақ қалыңмал беру, сыйлық жасау сияқты дәстүрлері бар. Қалыңмалды біз де өздерінің салты бойынша апарып бердік. Екі отбасы сөйлесті. Бірақ нақты қанша бергенімді айта алмаймын”, – деді Бақберген.
@gulnarameimanovna #индонезия ♬ оригинальный звук - Гулнара
Оның айтуынша, Индонезияда үш жүзге жуық этнос мекендейді. Жұбайы Амара – джава ұлтынан. Бұл ұлт мұсылман болғандықтан қазақтарға ұқсастықтар көп болған. Дегенмен Амараны беташар дәстүрі таңғалдырыпты.
“Оларда беташар жоқ. Сондықтан осы дәстүрді көргенде Амара таңғалды. Дегенмен сәлем салу, үлкендерді құрметтеу сияқты ұқсас дүниелер болғанды. Той өткізудегі ерекшеліктер де екі елде әртүрлі. Туыстарыма олардың тағамдары ерекше көрінді. Себебі индонезиялықтар өте ащы тамақ жейді.Жолдың алыстығы, жолақының қымбаттығы және уақыттың тығыздығына байланысты Қазақстанға тек Амараның анасы келе алды. Ол да, Амараның өзі де қазақтың тойына қатты риза болды. Себебі Индонезияда той небәрі үш сағатқа ғана созылады. Ал бізде ұзақ отырып, ән айтып, би билеп, көңіл көтереді. Бұл оларға ерекше әсер қалдырды”, – деді Бақберген.
“Амара шәй құйып, сәлем салады, үй жинап, келіндік қызмет етеді”
Бақбергеннің айтуынша, жұбайы қазақ отбасының өміріне тез сіңісіп кеткен.
“Қазақстанда келін болу дәстүрі Индонезияға ұқсас екен. Сондықтан оған аса қиын болған жоқ. Тек қазақтың кейбір ұлттық тағамдарын дайындау бастапқыда қиын болды. Қазір кәуапты, қуырдақты, лағманды жақсы көреді. Ал ең қатты таңғалғаны – сүт қосылған шай болды. Амара үйде шәй құйып, сәлем салады. Үй жинайды, тамақ дайындайды. Қазақтың келіні қандай болса, сол міндеттердің бәрін атқарып жүр”, – деді ол.
Қазақстандық азамат дегенмен келіншегі мен отбасы арасында тілдік кедергілер әлі де бар екенін жасырмады.
“Амара ата-анаммен тікелей сөйлесе алмайды. Себебі ата-анам ағылшын тілін білмейді. Сондықтан көбіне мен аудармашы болып жүремін. Дегенмен қазір үйренісіп кеттік. Қазір Мәскеудеміз. Мұнда шамамен бір жыл тұрамыз. Кейін Қазақстанға оралмақпыз. Ал Индонезияға кем дегенде екі жылда бір рет барып тұруды жоспарлап отырмыз. Әрине, Амара ата-анасын сағынады. Бірақ ол Түркияда оқып, шетелде тұруға үйренгендіктен аса қиындық көріп жатқан жоқ”, – деп қосты ол.
@gulnarameimanovna #индонезия🇮🇩 #казахстан🇰🇿 ♬ оригинальный звук - Поздравления
Осы тұста қазақстандық азамат жарды ұлтына қарап емес, ортақ құндылыққа қарап таңдау қажет екенін алға тартты.
“Адам тек өз шекарасында қалып қоймауы керек. Сонда ғана дамиды. “Бұл қазақ, бұл өзге ұлт” деп бөлінудің қажеті жоқ. Ең бастысы – жаның қалаған, өзіңді түсінетін адамды таңдау. Үйленгенімізге екі ай болды. Барлығы жақсы. Келіспеушілік кез келген отбасында болады. Бірақ бір-біріңді тыңдап, сөйлесе білсең, бәрін шешуге болады. Амара екеуіміздің дүниетанымымыз ұқсас”, – деді ол.
“Ана сүтіне қораз, тойда қонақтар бірдей киінеді, аз тамақ қойылады”
Бақбергеннің анасы Гүлнар келіні Амараның жайдары мінезді келін екенін алға тартты.
“Құдаларымыз да қыздары да өте қарапайым, кішіпейіл адамдар. Әрине, олардың тілін білмеймін, олар да қазақша сөйлемейді. Бірақ соған қарамастан бір-бірімізді жақсы түсіндік. Маған деген құрметтері мен қамқорлықтарын бірден сезіндім. Бізді таңғалдырған әдет-ғұрыптардың бірі – қалыңмал, мәһр және сыйлық беру дәстүрі. Жалпы мұсылмандыққа негізделгендіктен бізге ұқсас тұстары көп екен. Бірақ біздегідей алтын тағып, жағалы шапан немесе қымбат киім кигізу дәстүрі жоқ. Үйлеріне барғанымызда үлкен дастархан жайып, қолдан дайындаған ұлттық тағамдарын қойды. Бірақ бір қызығы – қонақтардың барлығы отырып тамақтанғанымен, үй иелері дастарханға жақындамайды екен. Өздері төменде күтіп отырады. Біз таңғалып сұрағанда, олар: “Қонақтар бізбен бірге тамақтасыңыздар деп шақырмайынша, дастарханға отырмаймыз” деді. Содан кейін ғана біз арнайы шақырып, бірге тамақтандық”, – деді Гүлнәр.
Гүлнәр ханым Индонезиядағы құдалықта өздерін күлдірген ерекше дәстүрлердің де болғанын айтты.
“Біздегі “ана сүті” деген кәде сияқты оларда қораз беру дәстүрі бар екен. Біз қой апарамыз ғой, ал олар қораз береді. Әрине, екі елдің арасында мал тасу мүмкін болмағандықтан, мұның бәрін ақшалай шештік. Тойлары өте әдемі өтті. Дастарханды біздегідей толтырып қоймайды. Барлығы швед үстелі форматында ұйымдастырылған. Құда жақ бізге арнайы үстел әзірлеп қойыпты. Маған осы жағы қатты ұнады. Артық ас жоқ, ысырап жоқ. Тойдан пакет-пакет сарқыт алып кету деген мүлде жоқ. Тағы бір қызығы тойда әйелдердің бәрі бірдей, ер адамдар да бірдей киінеді. Ешкім қымбат киіммен ерекшеленуге, бір-бірінен асып түсуге тырыспайды. Осы қарапайымдылығы қатты ұнады. Ал бізде кейде тойдың өзі киім жарысына айналып кетеді ғой”, – дейді ол.
@gulnarameimanovna ♬ оригинальный звук - Гулнара
Гүлнәрдің айтуынша, Амара Қазақстанға келмей тұрып-ақ қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеп шыққан.
“Келініме келсем қазақ келіндерінің барлық міндетін атқарып жүр. Таңерең тұра сала таңғы ас жасайды. Сәлемін салып,шәйін құяды. Басында орамал. Әдет ғұрыпты айтсаң бәрін жасайды. Мінезі ашық жарқын. Тартынбайды. Не керек айтады. Ол интернеттен Қазақстан туралы көп мәлімет оқыпты. Қазақы киім киіп, ұлттық әшекей таққысы келетінін айтты. Бір күні тіпті “сәукеле кигім келеді” дегенде бәріміз күліп алдық. Кейін сәукелені қыз ұзатылғанда ғана киетінін түсіндірдік . Өз ойын бүкпей айтады, өте кішіпейіл. Сол мінездері бізге ерекше ұнады”, – деп түйіндеді Гүлнәр.
@gulnarameimanovna #индонезия ♬ оригинальный звук - Гулнара
"Шәй құйып, сәлем салады, келіндік қызмет атқарады": Индонезиялық келін алған отбасы екі елдің тойы мен ерекше дәстүрлерін көрсетті