Қазақстандық дәрігерлер науқастарға онлайн көмек көрсетпек
Қазақстандық дәрігерлер енді медициналық қызметтерді онлайн көрсетуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған жаңа жобаға сәйкес, ақ халаттылар қашықтан емдеу барысын бақылап, зерттеу нәтижелерін түсіндіріп, қажетті ұсыныстар бере алады. Бұл процесс тек жұмыс уақытында жүзеге аспақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сондай-ақ зертханалық талдаулар, рентген, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма сияқты бірқатар диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін қашықтан сипаттап, қорытынды жасай алады. Оған қоса, созылмалы дертке шалдыққан науқастардың жағдайын бақылау мен емдеу жоспарын түзету де онлайн жүргізілуі мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, бұл жаңашылдық әсіресе ауыл тұрғындарына, қозғалысы шектеулі азаматтарға және тұрақты бақылауды қажет ететін науқастар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Дегенмен телемедицина дәстүрлі қабылдауды толық алмастырмайды. Егер науқасқа дәрігердің тікелей қаралуы, қосымша тексеру немесе аурухана жағдайында ем қажет болса, емдеу мекемесіне жеке баруға тура келеді.
Жоба 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
“Онлайн медициналық қызмет бұл жай ғана бейнеқоңырау қызметі емес. Бұл толыққанды медициналық көмек көрсету форматы. Пациент дәрігердің кеңесін ала алады. Екінші пікір немесе консилиум ұйымдастырады. Зерттеу нәтижелерін қашықтықтан қарай алады. Диагноз нақтыланады. Емдеу түзетіледі”, – дейді С.Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы департамент директорының орынбасары Лаура Шамшутдин.
Оның сөзінше, қажет болған жағдайда рецептпен қосымша тексерулерге жолдама жіберіледі.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)