Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапониядағы жер сілкінісі кезінде дәрігерлер науқасты денесімен қалқалап қалды

жапониялық дәрігерлер
Фото: Видеодан скрин

Жапонияның NHK телеарнасы Яцусиро қаласындағы Kumamoto General Hospital ауруханасының операция бөлмесінде болған қуатты жер сілкінісі кезіндегі әсерлі бейнежазбаны жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dexerto порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жапонияның оңтүстік-батысында болған жер сілкінісі кезінде аталған ауруханада бір мезгілде төрт ота жасалып жатқан.

Жарияланған бейнежазбада жер сілкінісі басталған сәтте операция үстелінің үстінде ілулі тұрған медициналық құрылғылар қатты шайқалып, едендегі жабдықтар жан-жаққа шашылғаны көрінеді.

Осы кезде дәрігерлер құлап кетуі мүмкін жабдықтардан қорғау үшін науқасты өз денелерімен қалқалаған. Ал медбикелер науқасты қажет болған жағдайда эвакуациялауға жолды тез арада босатқан.

NHK мәліметінше, ауруханада жүргізілген төрт операцияның барлығы сәтті аяқталған.

Жер сілкінісінен кейін электр энергиясы мен су уақытша өшкендіктен жоспарлы қабылдау тоқтатылды. Алайда көп ұзамай аурухана резервтік электр және су жүйелеріне қосылып, науқастарды қабылдау қайта жалғасты.

Еске салайық, бұған дейін Жапония сейсмикалық белсенділігі ең жоғары елдердің бірі саналады. 2011 жылы елдің солтүстік-шығысында болған 9,0 магнитудалы жер сілкінісі мен одан кейінгі цунами 18 мыңнан астам адамның өмірін қиып, Фукусима атом электр станциясындағы апатқа себеп болды. Ал 2016 жылы Кумамото префектурасында болған 7,0-7,3 магнитудалы жерасты дүмпулерінен 50-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған ғимарат қираған.

Айым Атамбаева
Жұма, 07 Тамыз, 2026 09:32