Жапонияда қуатты жер сілкінісінен 13 адам қаза тапты

Жапонияның оңтүстігінде сейсенбі күні болған жойқын жер сілкінісі салдарынан кемінде 13 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жер сілкінісі тіркелген Кумамото префектурасының билігіне сәйкес, шамамен 10 мың адам эвакуацияланды. Сондай-ақ 37 мыңға жуық үй жарықсыз қалды. Елдің премьер-министрі Санаэ Такаити 13 адамның қаза тапқанын, бірқатар автожолдар мен көпірлердің зақымданғаны мәлімдеді.
Бұған дейін Кумамотодағы құлаған Aeon Mall сауда орталығында болған екі әйелдің қаза тапқаны хабарланған еді. Сонымен қатар BBC тілшілерінің мәліметінше, тағы бір адам жүрегі тоқтап қайтыс болған.
Жер сілкінісі жергілікті уақытпен сейсенбі күні сағат 16:27-де Кюсю аралының ішкі бөлігінде тіркелді. Оның магнитудасы 7,1 болды.
Акино Сонода есімді префектура өкілінің айтуынша, құлаған сауда орталығынан сегіз адам құтқарылған. Қазір билік із-түзсіз жоғалғандар мен сауда орталығының қираған ғимаратында қалып қоюы мүмкін адамдардың нақты санын анықтап жатыр.
"Кумамото префектурасының губернаторының өтінішімен қазір 3 600 әскери қызметкерден тұратын Өзін-өзі қорғау күштері табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осындай күрделі жағдайда "адам өмірі бәрінен қымбат" қағидатын басшылыққа ала отырып, біз жергілікті билікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, шығынды барынша азайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салып жатырмыз", – деді Жапония премьер-министрі.
Жапонияның метеорология агенттігі жер сілкінісінің ошағы небәрі 10 шақырым тереңдікте орналасқандықтан, күшті қайталама дүмпулер (афтершоктар) болуы мүмкін екенін ескертті. Агенттіктің мәліметінше, сейсенбі күні негізгі жер сілкінісінен кейін барлығы 61 афтершок тіркелген.
Жапонияда магнитуда шкаласымен қатар елдің өзіне тән сейсмикалық қарқындылық шкаласы да қолданылады. Ол 0-ден 7 балға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл шкала бойынша 0 балдық дүмпулер адамдарға сезілмейді, ал 7 балл кезінде жиһаздар орнынан қозғалып, сейсмикалық төзімділігі төмен ғимараттар құлауы мүмкін.
Компания қызметкерлерін ғимараттан эвакуациялады
Бұған дейін NHK телеарнасы ауруханалардың біріне 50-ден астам зардап шеккен адамның жеткізілгенін хабарлаған еді. Ал Nikkei басылымының мәліметінше, жер сілкінісі кезінде жүрдек пойызда болған бірнеше адам да жарақат алған.
NHK ақпаратына сәйкес, негізгі автожолдарда, соның ішінде эстакадаларда ірі жарықтар пайда болған. Сондай-ақ жүк пойызы рельстен шығып кеткен. Осыған байланысты теміржол қатынасы уақытша тоқтатылып, бірқатар әуе рейстері кейінге шегерілді.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Кумамото қаласында жер сілкінісі кезінде пойыз рельстен шығып, бір қапталына аударылған. Kyodo ақпарат агенттігінің мәліметінше, оқиға Яцусиро станциясында болған.
Кюсю аралындағы "Синкансэн" жүрдек пойыздарының және жергілікті пойыздардың қозғалысы қауіпсіздік тексерістерін жүргізу үшін уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ Асо – Кумамото әуежайының ұшу-қону жолағы жабылды.
Әлемдегі ең ірі микрочип өндірушілердің бірі TSMC сақтық шарасы ретінде осы өңірдегі зауытынан қызметкерлерін эвакуациялады.
Nikkei басылымының хабарлауынша, Sony мен Fujifilm компаниялары да аталған аймақтағы зауыттарынан қызметкерлерін эвакуациялаған. Бұған дейін Sony компаниясының өкілі жағдайдың мұқият зерттеліп жатқанын айтқан.
Жер сілкінісінен кейінгі жарылыс
Із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Aeon Mall сауда орталығында жер сілкінісінен кейін жарылыс болды. Aeon компаниясының өкілінің айтуынша, алғашқы жер сілкінісінен кейін келушілер мен қызметкерлер бірден эвакуацияланған. Құтқарушылар мен жергілікті биліктің алдын ала мәліметінше, жарылысқа газдың ағуы себеп болған.
Казуя Цурунага TBS телеарнасына берген сұхбатында Aeon Mall сауда орталығынан шамамен 300 метр қашықтықтағы пабта жер сілкінісінен сынған ыдыстарды жинап жүрген кезде қатты жарылыс дыбысын естігенін айтты.
"Бұл өте күшті жарылыс болды. Аспанға қалың түтін көтерілді. Жел біздің жаққа соғып тұрғандықтан, айналада жанартау күлі жауып жатқандай көрінді", – деді ол.
Із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екінші нысан – Кумамото префектурасының Яцусиро қаласындағы Nippon Paper Industries қағаз зауытында мұржа құлап түсті.
NHK агенттігінің хабарлауынша, оқиға орнында полиция мен өрт сөндіру қызметінің мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) мәліметінше, жер сілкінісі эпицентрінен шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Сендай атом электр станциясына ешқандай зақым келтірмеген және нысанның қауіпсіздігіне қауіп төндірмеген.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді