Ұлыбритания жағалауын мыңдаған жұмбақ теңіз жәндігі басты
Ұлыбританияның Камбрия графтығындағы жағажайларға көк түсті, медузаға ұқсайтын мыңдаған теңіз жәндігі шығып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғын Луиза Николсон алғашында оларды балдыр деп ойлағанын айтады. Тіпті біреуін қолына ала жаздаған.
Оның сөзінше, жәндіктердің көлемі шамамен бес сантиметр ғана, ал сыртқы пішіні ерекше әрі әдемі көрінеді. Кейін жағалауды басқан теңіз тіршілік иелерінің велелла немесе “желкенділер” (Velella) екені анықталған.

Велелла – медузалар мен полиптерге жақын теңіз ағзасы. Көптеген полип теңіз түбіне жабысып тіршілік етсе, велелла су бетінде еркін қалқып жүреді. Оның көкшіл-күлгін түсті үшбұрышты “желкені” бар. Сол арқылы желдің көмегімен су бетінде қозғалады.
Велелла планктонмен қоректенеді. Ол жемін суға салбырап тұратын қармалауыштары арқылы ұстайды. Ал көбею кезінде өте ұсақ медузалар пайда болып, кейін олардан жаңа велеллалар өсіп шығады.

Сырттай қарағанда велелла адам өміріне қауіпті португал кемешігіне ұқсайды. Алайда оның уы адамға айтарлықтай қауіп төндірмейді.
Соған қарамастан теңіз биологтары жағалауға шыққан велеллаларды қолмен ұстамауға кеңес береді.
Алматыдағы саябақта агрессивті ер адам балаларға шабуыл жасады