Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір тілім ірімшік жеген жасөспірім 9 жыл бойы комада жатты

Маттиа Маэстри
Фото: Jam Press

Италияның Тренто провинциясында тоғыз жыл бойы комада жатқан жасөспірім қайтыс болды. Ол 2017 жылы қауіпті бактерия жұққан ірімшік жегеннен кейін ауруханаға түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Need To Know-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Маттиа Маэстри 13 жасында, 2017 жылғы 5 маусымда шикі сүттен жасалған Due Laghi ірімшігін жеген. Өнімді Коредо қаласындағы Caseificio Sociale Coredo ірімшік зауыты шығарған.

Кейін ірімшіктен ішек таяқшасының улы штамы табылған. Бактерия бөлетін токсин Маттианың бүйрегі мен миындағы ұсақ қан тамырларын зақымдаған.

Осыдан кейін жасөспірім терең комаға түсіп, есін жимаған. Ол биыл 2 тамызда көз жұмды.

Ата-анасы ұлын осы жылдар бойы қолдап келген адамдарға алғыс айтып, оның рухына тағзым еткісі келгендерден медициналық ұйымдарға қайырымдылық жасауын сұраған.

Ірімшік өндіруші сотталған

2017 жылы Маттианың ата-анасы Caseificio Sociale Coredo компаниясын сотқа берген.

Сот ірімшік өндіруші кәсіпорын басшылығын қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салған. Жасөспірімнің отбасы өтемақы ретінде жалпы 1 миллион еуро (шамамен, 544,5 миллион теңге) алған.

Алайда кәсіпорын кейін жұмысын жалғастыра берген. Тіпті туризм саласындағы марапаттардың біріне ие болғаны Маттианың ата-анасының ашуын туғызған.

Қазір отбасы жаңа сот ісін бастаған. Олар кәсіпорын басшылығын ұлдарының өліміне жауапты деп есептейді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 07 Тамыз, 2026 11:55