Анасы қоқысқа тастап кеткен бала өсіп, миллионер болды
Америкалық 31 жастағы кәсіпкер Фредди Фиггерстің өмірі қызық оқиғаларға толы. Анасы туғаннан соң қоқыс жәшігіне тастап кеткен сәби аман қалады. Оның ерекше дарыны миллионер атануына көмектеседі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап.
Анасы Фреддиді туған соң екі күннен кейін оны қоқысқа тастап кетеді. Бақытына орай, ер адам тауып, асырап алады.
Натан Фиггерс – қарапайым жұмысшы болған, ол Солтүстік Флоридадағы Квинси қаласында тұратын. Кешкілік уақытта ол бұрынғы иелеріне қажетсіз болып қалған заттарды іздеп, аудан аумағында орналасқан қоқыс тастайтын жерлерді аралап шығатын. 1989 жылы ол әдеттегідей қоқыстағы кәдеге жарайтын нәрселерді іздеуге барып, жылап жатқан сәбиді тауып алады.
Баланың ата-анасын таба алмады, ал Натан өмір бойы фермада жұмыс істеген әйелі Бетти Мэймен бірге баланы өздеріне қалдыруға шешім қабылдады. Ерлі-зайыптылар бұған дейін де бірнеше баланы асырап алған.
Фиггерлер өздерінің және басқа адамдардың балаларын бөлмеген. Тіпті Фреддиді жабырқатпау үшін өткенін айтқысы келмеген. Бірақ баланың достары оны үнемі мазақ еткен.
“Қоқыс жәшігінен шыққан бала, кір, сасық, қоқыс жинаушы”, – деп келемеждеген.
Демалыс күндері ол әкесі екеуі "қоқыс жәшіктерін тінту" үшін маңайды аралап шығатын. Бәрінен бұрын қоқыс үйінділерінен тапқан радиоларды, оятқыш сағаттарын және бейнемагнитофондарды тыңдауды ұнататын бала бір күні компьютер тауып алсам деп армандайтын.
Фредди тоғыз жаста болғанда, олар “Goodwill” заттары ұсталған дүкенге барып, сынған Macintosh компьютерін кездестірді. Оны 24 долларға сатып алады.
Фредди компьютер үйіне әкеліп, оны жөндеуге кіріседі. Тек 50-ші әрекетінде техника іске қосылады. Сол сәттен бастап Фредди өмір бойы технологиямен жұмыс істегісі келетінін түсінген.
Ол құрдастары көшеде ойнап жүргенде мектеп клубында сынған компьютерлерді жөндей бастады. Дәл сол жерде оның технологияға деген қабілетін директор, бұрынғы Куинси қаласының мэрі байқайды. Ол Фреддиге ата-анасымен бірге мэрияға келуін сұрап, ғимараттың артындағы сынған кеңсе жабдықтарын көрсетті.
- Ерлі-зайыптылар бір жылдың ішінде 20 сәбидің ата-анасы атанды
- "Киттің денесінен сонша байлық тауып алдық": Табылған зат 35 балықшының өмірін қалай өзгертті
Содан бері 12 жастағы Фредди мектептен кейін күн сайын сағатына 12 долларға осы электрониканы жөндеуге уақыт бөлді.
“Мәселе ақшада емес еді. Менің сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндігім болды”, – дейді ол.
Фредди 15 жаста болғанда Квинси қаласына су құбырындағы судың қысымын тексеру үшін жүйе қажет болды және бір компания ол үшін 600 000 доллар ұсынды. Нәтижесінде бағдарламаны Фредди жасады, бірақ оған ешкім керемет ақы төлемеді. Осы оқиғаға, ата-анасының наразылығына қарамастан Фредди мектепті тастап, өзінің компьютерлік бизнесін ашуға шешім қабылдайды.
Бірінші нәтижелі өнертабысына сол кезде Альцгеймер ауруымен ауырған әкесінің ауыр жағдайы түрткі болды. Фредди құрылғы жасап шығарды. Оның көмегімен әкесі ұлын шақыра алатын, ал Фредди Натанның орналасқан жерін қадағалап, жоғалған жағдайда таба алатын. Бұл дабыл түймесі болды. Сенімділік үшін гаджет қарт адамның етігіне орнатылды.
Кәсіпкер өнертабысын 2,2 миллион долларға сатты. Ол әкесінің 1993 жылғы Ford пикапы мен балық аулайтын қайық туралы арманын орындағысы келген, бірақ үлгермеді. Ақша Натан қайтыс болғаннан кейін түсті.
Фредди өмірді сақтап қалатын тағы бір құрылғы жасады. Оның нағашы ағасы қант диабетінен көз жұмды. Ол ешкімнен көмек сұрай алмаған. Фредди ағасының қазасынан кейін адамның қанындағы қант деңгейі туралы мәліметтерді лезде ең жақын туысына жіберетін ақылды глюкометр жасады. Құрылғы электронды медициналық картаға көрсеткіштерді енгізіп, ал көрсеткіш критикалық деңгейге түскенде – жедел жәрдем шақыра алды.
Айта кету керек, Фредди өзінің барлық бастамаларын әлеуметтік бағытта жасауға тырысады. Бұл 2011 жылы ол ашқан "Figgers Communication" телекоммуникациялық компаниясына да қатысты. Ол Солтүстік Флоридадағы шалғай аудандардың тұрғындарына заманауи байланыс берді. "Figgers F1" смартфонын ойлап тапты. Техника жылдамдығы сағатына 10 мильден асқан кезде көлік жүргізушіге SMS жазуға мүмкіндік бермейді.
Фредди қызына есейген кезде беретін ең маңызды кеңесін де айтты: "Әлем қаншалықты салқын болып көрінсе де одан ешқашан бас тартпау және кездескен әрбір адамның өміріне жағымды әсер етуге тырысу".
Әрине, Фиггерс планетаның ең бай адамдары қатарына кірмейді. Бірақ оның әжептәуір байлығы бар – шамамен 62 миллион доллар.