Солтүстік Қазақстанда қыркүйекте мамыргүл гүлдеді
Солтүстік Қазақстан облысы Пресноредуть ауылында мамыргүл гүлдеді. Ерекше құбылысқа ауыл-тұрғындары да аң-таң. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Біз де бірден байқамадық. Кейін балалармен серуендеп жүріп, жоғары қарасақ, сирень жайқалып гүлдеп тұр екен. Содан кейін айналаны аралап көрдік, басқа аулаларда да гүлдеп тұрған бұталар көп. Әдемі көрінеді!” – деді Пресноредуть ауылының тұрғыны Александра Кудренко.
Бұл ауылда сиреньді әр ауладан дерлік кездестіруге болады. Көктемнің лебі Пресноредуть ауылында ғана емес, көршілес елді мекендерде де сезіліп жатыр.
“Биыл мамыргүл ерекше гүлдеді. Гүлдері де, гүл шоғырлары да ірі. Қарақаттың бүршіктері де қатты ісініп кеткен. Енді көктемде не боларын білмейміз”, – дейді тұрғын Любовь Муляр.
Ғалымдардың айтуынша, бұған ауа райының өзгеруі себеп болған. Ұзаққа созылған жылы кезең бұталардың қайта гүлдеуіне әсер еткен.
“Мамыргүлдің отаны – климаты жылырақ Персия. Әдетте көктемгі гүлдеуінен кейін келесі маусымға арналған гүл бүршіктері қалыптаса бастайды. Ал жаз құрғақ болып, күзде ауа райы күрт суытса, бүршіктердің қалыпты даму ырғағы бұзылып, өсімдік қайта гүлдеуі мүмкін. Қазіргі жағдайда мұны өсімдіктің күйзеліске ұшырауымен түсіндіруге болады”, – дейді Ботаникалық бақ директоры Артур Рязапов.
Солтүстік өңірде мұндай күзді ешкім күтпеген еді. Табиғат күн суымай тұрып, тұрғындарға тағы бір мәрте көктемнің көркін сыйлағысы келгендей.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді