Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент жаңа қорғаныс министріне әскердегі басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды

Тоқаев пен жаңа министр
Фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдап, тапсырмалар берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту және әскери басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

“Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне баса назар аударды. Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін негізгі басымдық болуы керек екенін атап өтті”, – делінген хабарламада. 

Президент кәсіби даярлықтың сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер жүктеді. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп, Отанға адалдық қасиетін қалыптастыруға баса мән бере отырып, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың отбасын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелеріне айрықша мән берілді. 

Назархан Уән
Жексенбі, 27 Қыркүйек, 2026 13:47