Америкалық USAID агенттігі Қазақстандағы қай ұйымдарды қаржыландырғаны белгілі болды
Трамп шетелге гуманитарлық көмек беретін ұйымдар немесе бағдарламаларды қаржыландыруды 90 күнге тоқтату процесін бастады. Мұның әсері АҚШ халықаралық даму агенттігінен (USAID) қаржы алатын кей қазақстандық ұйымдарға тиіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Caravan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда USAID заң үстемдігін нығайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобаларды белсенді түрде қолдады. Оның ішінде БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде ЛГБТ құқықтары мен гендерлік теңдікпен айналысатын ұйымдар болды.
2001-2024 жылдар аралығында Қазақстанға берілген қаржыландырудың жалпы көлемі – шамамен 2,07 млрд доллар (1 триллион 34 миллиард теңге).
2024 жылдың аяғында USAID Қазақстанда 27 жобаны – 15 аймақтық және 12 елдік жобаны жүзеге асырды
Тек "Қадыр-Қасиет” және "Десента" деген екі қазақстандық үкіметтік емес ұйым тікелей қаржыландырылады.
"Қадыр-Қасиет" (Әйелдер мен балалар құқығына бағытталған) ҮЕҰ-ның бюджеті 750 мың долларлық жобасын қаржыландыру өткен жылы тоқтатылды. Себебі ұйым басшысының қаржы менеджменті саясатындағы заңбұзушылықтар анықталып, жоба негізгі нәтижесіне қол жеткізбегенін USAID кеңселік аудиті анықтаған.
USAID Қазақстандағы ЛГБТ қозғалысын қолдау жобаларын қаржыландырды. Америкалық ұйым батыстық құндылықтарды таратуға белсенді түрде ықпал етеді. Атап айтқанда, өткен жылы халықаралық ұйымдардың, соның ішінде USAID-тің қолдауымен жасалған ЛГБТ жасөспірімдерге арналған веб-сайт ашылған. Ол қоғамның наразылығын тудырды.
"Феминита" қозғалысының жетекшілері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан 160 млн теңгеден астам ақша алған.
Олар қаржыны USAID-тің сенімді сателиті – норвегиялық Хельсинки комитеті, ILGA-Europe, Орталық Азиядағы еуразиялық қор, COC Nederland, NED және NDI-дан алады.
Желіде ILGA-Europe халықаралық үкіметтік емес ұйымының Орталық Азия елдеріндегі ЛГБТ қауымдастықтарының құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейту үшін стратегиялық жобаны іске қосу жоспары туралы қауесеттер көптен бері айтылып келеді.
Кейбір дереккөздерге сәйкес, "Феминита" өкілдерінің шоттарына түскен қаражаттың бір бөлігі "Оян, Qazaqstan" қозғалысының белсенділеріне жіберілген.
Мұндай бастамаларды қаржыландыру басқа елдерде де байқалды. Трамп әкімшілігі агенттікті қоғамдық құндылығы жоқ және кейбір америкалық салық төлеушілердің мүдделеріне қайшы келетін жобаларды әдейі қаржыландырды деп айыптады. Даулы жобаларға ЛГБТ бастамалары кірді, оның ішінде Колумбияда "трансгендерлер операсын" қоюға 47 000 доллар, Перуде "трансгендерлер комикстерін" шығаруға 32 000 доллар және жынысты ауыстыру оталарын қаржыландыру және Гватемаладағы ЛГБТ белсенділігін қолдауға 2 миллион доллар бөлінген.
Сондай-ақ Әл-Каидамен" байланысы бар содырларға тамақ жеткізу, "Ауғанстанда көкнәр өсіру және героин өндіру үшін пайдаланылатын суару каналдарының" құрылысына ақша бөлу байқалды делінген.
Трамп қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін USAID-тің Вашингтондағы штаб-пәтері жабылып, кейбір қызметкерлер ақысыз демалысқа шықты.
Президент Трамп агенттікті өзгеруге шақырды, ал Илон Маск USAID-ті "қылмыстық ұйым" деп, жабу керегін мәлімдеді.
1961 жылы құрылған USAID – демократиялық құндылықтарды ілгерілететін және мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсететін АҚШ сыртқы саясатының негізгі құралы. Агенттік 100-ден астам елде денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және азаматтық қоғамды қолдау сияқты салаларды қамтитын бағдарламаларды жүзеге асырады.
USAID бағдарламалары АҚШ-тың ықпалын күшейту, тұрақты дамуды ілгерілету және қақтығыстардың алдын алу үшін қомақты қаржы бөледі.
Америка Құрама Штаттары көптеген шетелдік көмек бағдарламаларын қаржыландыруды тоқтатып, елдің сыртқы саясатын өзгертіп жатыр. Трамп әкімшілігі ұлттық мүдделерді бірінші орынға қойып, халықаралық көмекті тарату механизмдерін қайта қарады.