Amanat партиясы премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновті ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа парламент мәжілісінің және Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партиялардың фракцияларымен жуық арада талқылайды.
Олжас Абайұлы Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы заңгер. ІІ дәрежелі "Айбын" (2014 ж.) және "Даңқ" (2021 ж.) ордендерімен наградталған.
2002-2005 жылдары Алматы қаласы әділет басқармасы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2005-2006 жылдары ҚР премьер-министрі кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы болды.
2006-2009 жылдары ҚР президенті әкімшілігінде жұмыс істеді.
2009-2012 жылдары ҚР әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2012-2014 жылдары ҚР экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы болды.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР президенті әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарды.
2016-2017 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы болып еңбек етті.
2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.
2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.
2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.
2023 жылдан президент әкімшілігінің жетекшісі болып жұмыс істейді.
Бүгін сағат 15:00-де президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісінің пленарлық отырысына қатысатынын айта кетейік.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депутаттардың келісімін алу үшін жаңа премьер-министрдің кандидатурасы ұсынылады.
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметін отставкаға жіберу туралы қаулыға қол қойды.
Премьер-министрдің міндетін уақытша Роман Скляр атқарады. Ол бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары болған. Ал үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы тағайындалғанға дейін өз міндетін атқара береді.