Алматыдағы шатқалдардың бірінде жоғалған 11 жасар бала табылды
Алматы тауларында 11 жасар бала із-түзсіз жоғалып, оны іздеуге 160 адам жұмылдырылды. Аюсай шатқалында басталған ауқымды іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция, әскери қызметшілер мен еріктілер тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Жұлдыз есімді оқырманның мәліметінше, бүгін Аюсай шатқалында шамамен 11 жастағы бала жоғалып кеткен. Оның орманға қарай қашып кеткені айтылған.
Баланы іздеуге құтқарушылар мен еріктілер жұмылдырылған. Кешкі сағат 20:15-тегі ақпарат бойынша, іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқан.
Оқиғаға қатысты оқырмандар баланың аман-есен табылуын тілеп, іздеу жұмыстарына қатысып жатқандардан жаңалық күткен.
Кейін Алматының Аюсай шатқалында жоғалған 2015 жылы туған бала құтқарушылар мен еріктілердің бірлескен іздеу жұмыстарының арқасында табылғаны белгілі болды.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, баланы іздеуге шамамен 160 адам жұмылдырылған. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, орманшылар, әскери қызметшілер, еріктілер және басқа да мамандар қатысты. Сонымен қатар кинологиялық есептоптар, дрондар және "Қазавиақұтқару" авиациясы жұмылдырылды.
"Іздеу жұмыстары жердегі және әуедегі топтардың қатысуымен жүргізілді. Құтқарушылар мен еріктілерден құралған бірлескен топтың күшімен бала табылды. Қазір баланың жағдайы нақтыланды", – деп мәлімдеді Алматы төтенше жағдайлар департаменті.
Іздеу барысында Аюсай шатқалының 6 шақырымнан астам аумағы және Үлкен Алматы өзенінің арнасы тексерілген. Видеода баланы тауып алған ер адамдардың бірі оның жағдайын көріп, алаңдағанын білдірген.
“Жаным-ау, еркек... Қорықтым дейді. Жаным-ау аяқ киімі де жоқ екен, өзімдікін беремін. Несі бар екен? Капюшон бар екен, кигізейін. Қатты жылап қалған екен, жаным-ау... Менің балам да сен сияқты..." – дейді видеода тауып алған ер адамдардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін былтыр 27 шілде күні 20 жастағы Алан есімді жігіт Медеу жақтан Жастар шыңына қарай кеткен. Алайда содан бері байланысқа шықпаған. Екі күнге созылған іздеу жұмыстарынан соң оның денесі Молодежный шыңы маңынан табылды.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
