Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар Пушкин мүсінінің қойылуына қарсы шықты

Пушкин ескерткіш
Фото: Дмитрий Доценко

Соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары арасында Алматыда қойылған Пушкин мүсіні қызу талқыға түсті. Бірі бұл қадамды көшенің сәні десе, енді бірі орнату себебіне шүбә келтірді. Осыған орай Stan.kz тілшісі қала әкімдігіне сауал жолдап, жағдайды анықтады.

Пушкинге арналған ескерткіш композициясы әлі ресми түрде ашыла қоймаса да, ол қоғамның қызу талқысына түсіп үлгерді. Желі қолданушылары бұл мүсінді орнатудың еш қажеті жоқ еді дегенді алға тартуда.

Әлеуметтік желілерде: “Алдымен өз ақындарымызды ұлықтап алайық", “Пушкиннің мүсінінен елімізге не пайда?”, “Масқара”, “Алып тастау керек” деген сынды өткір пікірлер жарияланды. Осы орайда көпшілік бұл жобаның мақсаты мен қаржыландыру көзін білгісі келді.

пікірлер
Фото: Скриншот

 

Бұл қандай ескерткіш?

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәлімдеуінше, бұл жай ғана ескерткіш емес, көшені абаттандыру жобасының бір бөлігі. Пушкин көшесіндегі архитектуралық ансамбльді толықтыру үшін келесі нысандар орнатылған:

• "Пушкин орындықтары";
• "Ғалым мысық" мүсіні;
• "Алтын балық" арт-нысаны.

Басқарма бұл шағын сәулет нысандары қоғамдық кеңістікті көркемдік тұрғыда рәсімдеуге арналған бірыңғай шешім екенін алға тартты.

Бастамашы кім және жобаны кім дайындады?

Көпшілікті мазалаған "Бұл идея кімдікі?" деген сұраққа да нақты жауап берілді. Жобаны тікелей Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы іске асырған.

Ал мүсіндерді дайындаумен отандық мамандар айналысқан:

"Шағын сәулет нысандарын дайындау және орнату "SK-art шығармашылық шеберханасы" қазақстандық компаниясымен жасалған шарт негізінде жүзеге асырылды", — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қаржыландыру мәселесі: Бюджет пе, әлде демеуші ме?

Көше бойындағы бұл өзгерістерге ешқандай жеке қор немесе демеуші тартылмаған. Жұмыстар толығымен қалалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Әкімдіктің түсіндіруінше, қаржы Пушкин көшесін абаттандыруға арналған бекітілген жоспар шеңберінде бөлінген.

"Жоба Пушкин көшесін абаттандыруға бөлінген бюджет қаражаты есебінен іске асырылды. Жұмыстар бекітілген қаржыландыру шеңберінде орындалды".

Пушкин ескерткіш
Фото: pamyatnikpushkinu.ru

Айта кетейік, бұл Пушкинге Алматыда орнатылған алғашқы ескерткіш емес. Бұған дейін, 1999 жылы орыс ақынының 200 жылдық мерейтойына орай, Ұлттық ғылым академиясының іргесіндегі скверде оның зәулім ескерткіші бой көтерген болатын.

Stan.kz
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 18:27