Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ескі көліктерді сатып алатын компания құрылады: Бағдарлама туралы не белгілі?

көлік
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алматыда ескі көлік иелерін көлігін жаңартуға ынталандыратын бағдарлама іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматыда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар талқыланып  жатыр. Солардың бірі – ескі көліктерді сатып алу.

Биыл сәуірде Алматы әкімдігі экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктерді сатып алып, кейін кәдеге жаратумен айналысатын арнайы компания құру мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған еді.

Бағдарлама қаладағы ескі көліктердің үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бастама қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды.

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы ескі көліктерді сатып алу тетігі 2026–2027 жылдарға арналған ауаның сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілгенін хабарлады.

“Алматы қаласының атмосферасын қорғау қағидаларын іске асыру аясында “Алматы” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2026–2028 жылдарға арналған көлік құралдарын кәдеге жарату бойынша өңірлік бағдарлама жобасын әзірледі. Қазір бағдарлама пысықталып жатыр”, – деп жазған хабарламада. 

Өз кезегінде “Алматы” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне түсініктеме берді.

“Алматыда ауаның ластануына көліктерден бөлінетін зиянды заттар айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін ескі көліктерді сатып алып, кейін кәдеге жарату тетігін енгізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар автопаркті жаңартуға ынталандырып, ескі көліктердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін төмендетуге ықпал етеді”, – деп хабарлады. 

Компания мәліметінше, қазір бағдарлама әзірлену кезеңінде. Оған қатысу шарттары, іске асыру тәртібі және көліктерді бағалау жүйесі әзірге нақтыланбаған. Сонымен қатар бағдарлама тұрғындардың көлігін тікелей сатып алуды көздемейді. Оның орнына бағдарламаны іске асыруға автодилерлер мен отандық автокөлік өндірушілері тартылады.

“Қазір автодилерлер мен автокөлік өндірушілерін жеңілдетілген қаржыландыру тетігі қарастырылып жатыр. Оған сәйкес экологиялық класы төмен көлік иелеріне жаңа көлік сатып алған кезде жеңілдік сертификаттарын беру жоспарланып жатыр”, – деп жауап берді.

Айта кетейік, 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары тоғыз бағыт бойынша 43 шараны қамтиды. Оның 17-сі атмосфера сапасын жақсартуға бағытталған.

Жоспарда ауаның ластануына әсер ететін негізгі салалардың барлығы қамтылған. Олардың қатарында энергетика, жеке сектор, автокөлік және өнеркәсіп кәсіпорындары бар.

Құжатта қарастырылған негізгі шаралар:

  • ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру;
  • Атмосфераны қорғау қағидаларын іске асыру;
  • Автокөліктерден шығатын түтін мен улы газдардың деңгейін тұрақты бақылау;
  • Шығарындылары төмен аймақтарды (LEZ) енгізу;
  • Экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктердің санын кезең-кезеңімен азайту;
  • Экологиялық рейдтер жүргізу және басқа да шаралар.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде 2028 жылдың соңына қарай Алматыдағы ауаның ластану деңгейін кемінде 20%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы қайта қосылатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 09:31