Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғындардың шағымынан соң 12 қабатты үй сүрілетін болды

Алматы қалалық соты "Шұғыла" шағын ауданында заңсыз тұрғызылған 12-қабатты үйді бұзу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

"Алматы қалалық сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы шешімімен қала құрылысын бақылау департаментінің талап арызы қанағаттандырылды. Сот "Шұғыла" ықшам ауданы, Байтелі батыр 24 мекенжайындағы заңсыз салынған 12 қабатты тұрғын үйді бұзу туралы шешім қабылдады”, – деді ресми өкіл.

АРТ-ТЕХНОСС компаниясымен соттар 2021 жылдың маусымынан бастап жүріп жатқаны атап өтілді. Бұған дейін қала тұрғындарының өтініштері негізінде қала құрылысын бақылау басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізген болатын.

Вице-әкімнің айтуынша, тексеру барысында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Осының негізінде тиісті әкімшілік хаттамалар жасалды.

"Одан әрі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына АРТ-ТЕХНОСС" ЖШС-не заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап арыз берілді. 2021 жылғы 9 желтоқсандағы сот шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды", – деді Мұхит Әзірбаев.

Алайда сот шешімінен кейін апелляциялық шағым түсірілді. Әзірбаевтың айтуынша, бүгін, 18 наурызда талап арыз қанағаттандырылып, үйді бұзу туралы шешім қабылданған.

Талқылау