Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда техникалық жөндеу орталығында 20 көлік өртеніп кетті

Алматыда техникалық жөндеу орталығы өртеніп, 20 автоліктің түгі қалмай жанып кетті. Өртсөндірушілер көлік шеберханасына келгенде ғимарат толықтай қызыл жалынның құшағында қалған.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру көлігі келген кезде техникалық жөндеу орталығы лапылдап жанып жатқан. Жанында орналасқан жанармай құю бекетіне таралу қаупі төнген. Алдын алу шараларының нәтижесінде жалынның таралуына жол берілмеді», - деді Бостандық аудандық ТЖБ басшысы міндетін атқарушы Жандос Есжанов.

Төтеншеліктер жабылып жүріп алапат өртті екі сағаттың ішінде әзер ауыздықтаған. Соның салдарынан 1300 шаршы метр аумақты алып жатқан кешеннің тең жартысы күлге айналған. Ал шеберхана қызметкерлері кешкі тоғыздар шамасында үйлеріне қайтып кеткендерін айтады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін өрт шығыпты. Нақты қай жағынан тұтанғанын ешқайсысы білмейді.

Оқиғадан кейін отызға жуық қызметкер де жұмыссыз қалды. Олардың айтуынша, өртенген көліктер арасында сирек кездесетін бірнеше қымбат машина да болған екен. Әзірге жалынның тұтану себебі мен шығын көлемі белгісіз. Шеберхана қожайыны төбе көрсеткен жоқ. Ал жаяу қалған жүргізушілер шығынды кімнен талап етерін білмей дал.

«Кеше коробканы алдық. Мынау менің коробкам. Бүгін ертең бітеді деген. Кеше осындай жағдай болып қалды деп звондады. Сосын балаларды балабақшаға тастап келдік»,- деді көлік иесі Думан Уәлиев. 
Айта кетейік, өткен айда Нұр-Сұлтандағы көлік жуу бекетінде 13 көлік жанып кеткен еді. Көліктер тығыз орналасқандықтан өрт сөндіру қиын болды.

Талқылау