Алматыда қоғамдық көлік апатқа ұшырады: Бір адам қаза тауып, 16 жолаушы жарақат алған (видео)
Алматыда 18-автобусқа жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты. Тағы 16 жолаушы зардап шеккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Оқиға Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған. Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі апат туралы пікір білдірді.
“Өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.Тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл жол-көлік оқиғасы Алматының Алмалы ауданында сағат 14:20-да болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Kia маркалы автомашинаның жүргізушісі Мақатаев көшесін оңтүстік бағытта кесіп өтіп, "City-Bus" ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсететін 18-маршруттық автобуспен соқтығысқан. Кейіннен кедергіге соқтығысуға жол берген”, – делінген хабарламада.
Деректерге сай апат салдарынан автобустың 16 жолаушысы медициналық көмекке жүгініп, тағы бір жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.
Апатқа ұшыраған автобустың жүргізушісі Kia кроссоверінің келіп соқтығысқанын жеткізді. Оқиға кезінде жүргізуші баяулауға тырысқанымен рөлді басқара алмай тротуардағы стендке соқтығысқан. Көлік оқиға орнынан эвакуацияланып жатыр.