Алматы облысының бас санитар дәрігері тағайындалды
Алматы облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін Ерғали Сыдыманов басқарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ерғали Сыдыманов бұған дейін Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін басшысы қызметін атқарған.
Ерғали Жақсыбекұлы 1970 жылы 7 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін "дәрігер-гигиенист", "эпидемиолог" және "заңгер" мамандықтары бойынша бітірген.
2020 жылы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін бітіріп, денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолын 1987 жылы Жамбылда (қазіргі Тараз) жедел жәрдем санитары болып бастаған. Содан кейін ҚазКСР жанындағы Жамбыл облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау коммуналдық гигиена бөлімінің меңгерушісі болды.
1999 жылы Атырау СЭС-те орынбасар, ал 2000 жылы бас дәрігер болып тағайындалды. 2003 жылдан бастап Талдықорған мемсанэпидқадағалау басқармасының бастығы. 2005 жылдың қаңтарынан 2019 жылға дейін Алматы облысы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры қызметін атқарды. Содан кейін Маңғыстау облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы болды.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың шілдесінде Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов көз жұмды.