Алматы облысында ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушыға көлік сыйға берілді
Алматы облысында ҰБТ-дан ең жоғарғы 140 балл жинаған оқушыға көлік сыйға берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған Жаннұр Еңсебек – Алматы облысындағы №22 мектептің түлегі. Ол ҰБТ тарихындағы 140 балл жинаған 3 оқушының бірі. Бұған дейін оқушыға Алматы облысының әкімі 500 мың теңге табыстаған.
Оқушы ҰБТ-ға қалай дайындалғанын айтып берді.
Астанада ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушыға 5 млн теңге берілді
“Тапсыратын түні мүлдем ұйықтай алмадым. Сосын тестілеу орталығына барғанда барлық сұрақтар оңай болып көрінді. Екі сағатта барлық сұраққа жауап беріп үлгердім. Қалған бір жарым сағат жауаптарды тексеруге кетті. 140 балл жинағанымды көргенде қуанышымда шек болған жоқ”, – дейді Жаннұр.
Оқушы ҰБТ-ға дайындайтын ақылы курстарға уақыт жоғалтпай, үйде онлайн дайындалғанын айтты. Оқушының айтуынша, ол күн сайын математика мен информатика есептерін шығаруға 6-8 сағат жұмсаған.
Жаннұр қазір университет таңдап жатыр. Табысты оқушы IT саласында білім алуды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін үш жылда алғаш рет алматылық талапкердің ҰБТ-дан 140 балл жинағаны туралы жазған едік.