Әлемдік турне: Майғазиев Америкада концерт беріп, Меккеге қажылыққа аттанбақ
Бүгінде халықаралық әйелдер мерекесіне орай нәзік жандыларға арнап «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты ауқымды шоу әзірлеп жатқан Сәкен Майғазиевтің концерті әлемдік турнеге жалғаспақ. Америкада өтетін ән кеші жайлы Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген «Музарт» тобының әншісі наурыз мейрамының қарсаңында аталмыш елге сапар шекпек.
«Алла нәсіп етсе, наурыз айының 12-19 аралығында Американың Хьюстон қаласында қандастарымыздың жалауын желбіретіп, аттың басын бұрып, наурыз мерекесін тойлауға барамыз. Одан қала берді Америкадағы қандастарымызға жеке концертімді беру жоспарымда тұр», – дейді Сәкен Майғазиев.
Майғазиев үшін «Музарттың» жұмысы бірінші орында. Десек те жеке шығармашылығын шыңдауға білек сыбана кіріскен Сәкенді әйгілі ансамбілдегі әріптестері қолдауда қол қусырып қалмаған. Ұжымның шешімімен әнші ұлыстың күнін Америкадағы қандастардың қасында тойламақ.
«Негізі алдымызда «Музарт» тобының ән сапары тұр еді. Біз «Музарт» тобы бірінші орында тұрғаннан кейін міндетті түрде талқыға салып, ақылдасамыз. Ұсыныс осыдан бір ай бұрын түсті. Бірақ мен беріге дейін ойланып келдім, созып. Неге десеңіз концерттерімнің уақыты белгісіз болып келді. Одан қала берді «Музартпен» ақылдасуым керек болды. Сөйтіп жақында ғана бір аптаның көлемі өтті, ұсыныстарынан жауабымды айттым. Алла нәсіп етсе, Америкадағы қазақ бауырларымызға әсерлі кеш сыйлаймыз деген ойдамын», – дейді «Музарт» тобының әншісі.
Әнші жұбайы мен қос қызын Қазақстанда қалдырғанымен, ұлы Әділет әкесімен бірге АҚШ-қа барып қайтпақ.
«Ұлыммен бірге жатырмын. Осы уақытқа дейін балам бірнеше рет Америкаға барып келген. Өзінің сабағы барысында, білімін арттыру мақсатында, демалыс кезінде де үнемі барып жүр. Сол себепті баламды ала кеткім келіп отыр. Бір жағынан шет елде өзіме серік болады», – дейді жұлдызды әке.
Сәкеннің дүйім жұртқа жеткізер жағымды жаңалықтары мұнымен шектелмейді. Америкадағы ән-сапары аяқталған соң, Майғазиев мұсылмандық парызын өтеу мақсатында, қасиетті Меккеге жол тартпақ ниетте.
«Барлығы Алланың қалауымен ғой. Шын мәнінде үш мақсатта адам шақыртылады екен. Бірінші Алланың шақыртуымен, одан кейін пайғамбардың шақыртуымен, сосын Алла сақтасын шайтанның шақыртуымен. Осы үшіншіден сақтасын. Сондықтан Құдай қаласа, ниеттемін. Арасында бір апта уақыт тауып, Меккеге барып қайтсам деген арманым бар», – дейді Сәкен.
Айта кетейік, Майғазиев іс-сапарға аттанғанда «Музарт» ансамбілінің өзге мүшелері де шығармашылықты бір шетке ысырып, аздаған уақыт ішінде тынығып алмақ. Сәкеннің сөзіне сенсек, ұжымның шағын демалысында Мейрамбек Бесбаев пен Кенжебек Жанәбілов те жанұясымен шет елге қыдырып қайтуды жоспарлап отырған көрінеді.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.