"Аль-Наср" Криштиану Роналдумен келісімшартты ұзартқанын жариялады
Фото: Getty Images Sport
Сауд Арабиясының "Аль-Наср" футбол клубы Криштиану Роналдумен келісімшартты ұзартқанын ресми түрде хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы команда өз әлеуметтік желілерінде жариялады. Клуб таратқан бейнероликте португалиялық шабуылшы күлімсіреп: "Аль-Наср — мәңгілік!" — деп мәлімдеді.
Бұған дейін келісімшарттың бір немесе екі маусымға ұзартылатыны туралы ақпарат тараған еді. Айта кетейік, жақында 40 жасқа толған футболшының қазіргі келісімі 2025 жылдың 30-маусым айында аяқталады. Инсайдерлердің хабарлауынша, тараптар келісімді жалғастыру бойынша принципті түрде келісімге келген.
Өткен маусымда "Аль-Наср" бірде-бір трофей жеңіп ала алмады. Сауд Арабиясы чемпионатында команда 70 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Дегенмен, Роналду өз шеберлігін тағы бір дәлелдеп, барлық турнирлерде 35 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.
Айта кетейік, Криштиану Роналду "Аль-Наср" сапына 2023 жылдың қаңтарында қосылды. Содан бері ол Сауд футболының символына айналып, алаңдағы ойынымен де, клубтың сыртқы беделін арттыруымен де көзге түсті.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты

