Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 105 тұрғын эвакуацияланды

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 105 тұрғын алдын ала эвакуацияланды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ойыл өзенінің арналарындағы су деңгейіне мониторинг жүргізіліп отыр. Көрсеткіштер бойынша жедел шешімдер қабылданатын гидробекеттер қойылды. Өткен тәулікте Ойыл ауданының Екпетал және Қаратал ауылдарынан 105 тұрғын алдын ала эвакуацияланды.

Бір тәулік ішінде Байғанин, Қобда, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында инертті материал салынған 10 000-нан астам қап төселді, 30 мыңға жуық текше метр су сорылды.

Қобда ауданының Қобда ауылында 51 тұрғын үйден су сору жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін эвакуацияланған 74 адам уақытша орналастыру пунктерінде, 230 адам туыстарының үйлерінде.

Жалпы, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе облысы бойынша 390 мыңнан астам текше метр су сорылды, 26,1 шақырым арық тазартылды, интертті материал салынған 24 мыңнан астам қап төселді, ұзындығы 175 метр уақытша бөгет салынды, ұзындығы 500 метр жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша елді мекендерден шамамен 525 мыңға жуық текше метр қар шығарылды. Ақтөбе қаласындағы "Сая" тұрғын алабының жоғарғы жағында және Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында 200 метр су бұру каналы қазылды.

Жағдай тұрақты бақылауда. Көктемгі су тасқыны кезеңінде жедел шаралар қабылдау мақсатында құрылған облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істейді. "Жедел желіге" ақпараттық сипаттағы 116 қоңырау түскен.

Талқылау