Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағын ресейлік Панцирь-С зымыраны атып түсірді – БАҚ

Әзірбайжан билігі Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer E-190 ұшағын Ресейге тиесілі Панцирь-С зениттік-зымыраны атқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Instagram azamat_sarsenbayev

Ақпаратты 4 ақпанда Бакудің жоғары лауазымды шенеунігі мәлімдеген. 

"Әзірбайжан тарапында ұшақтан шығарылған және халықаралық сараптама кезінде анықталған Панцирь-С зымыранының сынығы бар" – деді атын атамауды сұраған шенеунік.



4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі ұшақ апатына қатысты 53 беттен тұратын есепті жариялады. Онда ұшақтың фюзеляжындағы зақымданулар "сыртқы заттардың тию" салдарынан болды деп жазылған. Дегенмен құжатта Панцирь-С әуе қорғаныс жүйесі немесе қандай да бір зымыран туралы айтылмаған.

Әзірбайжан Көлік министрлігі фрагменттер әлі де тексеріліп жатқанын айтты. Олар ұшақтың толығымен ұшуға жарамды болғанын, бірақ "сыртқы нысандардың" әсерінен зақымдалғанын жеткізді. 

"Фюзеляждың зақымдалған жерлерінен табылған ұшаққа тиесілі емес бөгде заттар алынып тасталды. Олардың фотосуреттері тергеу құжаты мәтінінде көпшілік назарына ұсынылды. Табылған бөгде заттардың жеке басын нақты анықтау үшін алдағы уақытта қосымша сараптамалар жоспарланған", – деді Әзірбайжанның көлік министрлігі.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейінннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген. 

Талқылау