Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша үнемдейді": Мусин мектептердегі интернеттің нашарлығын директорлардан көрді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақ мектептеріндегі ғаламтордың нашарлығын директорлардың интернетпен қамтамасыз етуге бөлінген қаржыны үнемдеуінен деп санайды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская мектеп оқушыларына арналған планшеттердің көмегімен ауыр сөмкелер мәселесін шешіп, сонымен қатар жергілікті өндірушіге қолдау көрсетіп жатқанын атап өткен. Дегенмен мектептердегі интернет мәселесі әлі де шешілмеді. Осыған байланысты депутат Қазақстанда қанша мектеп сапалы интернетпен қамтамасыз етілгенін және қай мектептерде мүлдем жоқ екенін сұраған.

Вице-министр Айбат Ілиясов мектептердегі интернет жылдамдығы 20 Мбит/с болуы керектігін айтты.

"Баяу интернет жылдамдығы 7600 мектептің 4908-інде байқалады. Жылдамдықты арттыруға 2750 мектептің техникалық мүмкіндігі бар. Біз жергілікті атқарушы органдармен мәселелерді пысықтап жатырмыз", – дейді ол.



Бағдат Мусин өз кезегінде кейбір мектептердің басшылығы интернетке бөлінетін қаржыны үнемдейтінін атап өткен.

"Мектептерге интернет үшін бюджет бөлінгенде, стандарт бойынша 20 Мбит/с кетеді, ал директор үнемдеп, 8 Мбит/с үшін төлейді. Екінші мәселе – мектеп ішіндегі сымдар: оператор модемді тек бір компьютерге ғана әкеледі, негізінен ол есепшінің немесе директордың кабинетінде болады. Алайда бүкіл мектепте ғаламтор болмайды", – деді министр.

 

Талқылау