Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында тұрғындар өтірік есеп беретін әкімнің былығын ашты

Ақмола облысында Жасыл ауылындағы аязда қатқан құбыр көктем келсе де жөнделмеген.  Дегенмен, солтүстікте әлі де аяз өз күшінде. Бір айға жуық тіршілік нәрінен қағылған ауылдың 400 тұрғыны әкімдерден көңілі қалған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Барып та, жазып та көрген, алайда нәтиже жоқ. Әкімдіктегілер 117 үйге күніне 1 рет арнайы  көлікпен  су жібереді екен. Бірақ ол бәрімізге  тегіс жетпейді дейді ашынған жұрт.

Үскірік аязда тастай болып қатып қалған жерді қазуға келген арнайы техника қазбай жатып бұзылып қалған. 20 күннен бері оны орнынан қозғаған адам жоқ. Ал ауыл тұрғындары болса, ауыз сусыз әбден қажығандарын айтады.

Қатты аязда істен шыққан құбырды жөндеуге ешкім асығар емес. Бір айға жуық ауылға не басшы, не қосшы ат ізін салмаған. Малға мұз ойып ерітіп берсе, өздері күніне 400 адамға келетін жалғыз көліктің суына қарап қалған.

“21-ші ғасыр. Жол жоқ! Су жоқ! Әкімдер келгенде мұғалімдерді жинады, отырды есеп берді кетті. Өтірік бәрі”, – дейді Жасыл ауылының тұрғыны Төлеген Тәшенов.

Бірақ әкімдер кіріп шыққан  мектепте де жағдай қиын. Ауыз су жоқ, асхана істемейді. 50 шақты оқушысы бар Жасыл негізгі мектебінің дәретханасынан да, су болмағандықтан, жағымсыз иіс шығып тұр. Осының бәрін көрген ата-аналар әбден ашынған. Ал суағардың орнындағы мұз құрсаған шұңқырлардан  балаларымыз үшін қорқамыз дейді олар. Осылай деп бар мұңын шағып тұрғанда ауыл әкімі келгенін көре салып, ауылдастарына қарсы сөйлеген әйел жиналғандарды таң қалдырды.  Сенде жоқ су менде бар деп дау шығарған тұрғынмен өзге жасылдықтар сол жерде жанжалдаса кетті. Осы жағдайға куә болған әкім бұның барлығы уақытша қиындық деді.

“Экскаватордың 2-шісі қирап жатыр. Бәрі қирап жатыр. Қиын мәселе болып тұрғаны жолдың астынан шыққан соң. Жол 1,5 метрге дейін қатып қалған”, – дейді Атамекен ауылдық аймағының әкімі Дауылбай Қапезов.

1972 жылы пайдалануға берілген су құбырының шынымен тозығы жеткен. Бірақ 45 жыл қызмет еткен құбырды ауыстыруға басшылар асығар емес. Не «Ауыл жылы», болмаса «Сапалы су» мемлекеттік бағдарламаларына да ілікпепті. Бұл әкімдердің халыққа немқұрайлы қарауынан, дейді ауыл тұрғындары.

Тағы оқыңыз:

Алматыда 5 жасар баланың ішегінен 40 шақты магнит шары шықты

Ақтауда педофил алғаш рет химиялық жолмен піштіріледі

Маңғыстауда малдардың құтыру дертінің қайдан пайда болғаны анықталды

Қайтыс болған банкир Тәтішевтің телефондағы әр сөзі тыңдалатын болды

Талқылау