"Әкем де шахтер болған": Шахтада 30 жылдан астам еңбек еткен қазақстандық шахтер болудың тәуекелдері туралы айтып берді

Фото: Асқар Мұсатаев
Асқар Мұсатаев – өмірінің жартысын шахтаға және адал қызметке арнаған шахтер. Көпшілік түсіне бермейтін, қауіп-қатері мен қиындығы көп бұл саланы жанымен сүйген кейіпкеріміз Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында шахтерлердің ел үшін маңызы мен жұмысындағы ерекше сәттері туралы айтып берді.
Шахтада еңбек етіп жүргеніне 30 жылдан астам уақыт болған Асқар Мұсатаев – өз ісінің майталманы. Әулеттің ісін ары қарай жалғастырған шахтер Қарағандыдағы Костенко шахтасында қызмет етеді.
“Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Менің әкем де шахтер болған. Бұның қандай еңбек екенін бала кезімнен көріп өстім. Сөйтіп әулет ісін жалғастырамын деп шештім. Сондықтан адамның еңбегін бағалаймын. Шахтада істеп жүргеніме 30 жылдан асты. Бүкіл өмірім көмірмен байланысты. Еңбек жолым 90-жылдардан басталды. Ол кезде жағдай мүлдем басқа еді. Алғаш шахтаға түскен күнім әлі есімде. Түсіп бара жатқанда жүрегім қатты соғып, аузыма тығылды. Қараңғы, шулы, көмір мен шаңның иесі... Бір жағынан қорқынышты, бір жағынан қызық. Бірақ жанымда тәжірибелі жігіттер бар еді. Көмектесіп, түсіндірді, содан кейін үйреніп кеттім”, – деп еске алды Асқар Мұсатаев.
Кейіпкеріміздің мұндай ауыр салада жүргеніне көп жылдардың жүзі болса да, жұмысын тастау туралы мүлдем ойламапты. Мүмкін ісіңе деген махаббат пен адалдық деген осы болар.
“Шахтер – сөзіне берік, сенуге болатын жан, еңбекқор, қай кезде де көмекке келетін адам. Төменде, жердің астында кездейсоқ адамдар жоқ, ол жерде тек жолдастарыңа ғана арқа сүйеуге болады. Шахтада жұмыс істегеннің ең қиыны – тәуекел. Жердің астына түскен сайын сен жауапкершілік аласың. Әрине, шаршайтын кездер болады. Әсіресе, апат болғанда немесе техника сынғанда қажып кетесің. Бірақ бұл саланы тастау ойыма да келмепті. Бұл – менің жұмысым, менің өмірім”, – дейді кейіпкеріміз.

Фото: Асқар Мұсатаев әріптестерімен
Асқар Мұсатаев еңбек жолында өзіне ауыр тиген оқиғамен бөлісті. Бұл апат оның мәңгі есінде қалды.
“Иә, есімде мәңгі қалатын төтенше жағдай болды, ойласам әлі де қиналамын. 2023 жылы қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында метан жарылып, өрт шықты. Ресми деректер көрсеткендей, салдарынан 42-46 шахтер қаза тапты. Мен ол кезде жер астына түспеп едім. Бірақ әріптестеріп сол күні ауысымда болды, апатты өз көзімен көріп, көздері үрейге толып шықты. Жұмыс киімдерінің бәрі күйе-күйе еді, ал көмір мен түтіннің иісі біраз уақытқа дейін кетпеді”, – дейді Асқар.
Осы жағдайдан кейін қызметкер әр жердің астына түскен сайын тәуекелге бел байлайтынын түсінген. Олар жолдастарын жоғалтты, салдарынын бүкіл бригаданың жұмысы тоқырап қалған.
“Үлкен апаттан кейін комиссия келді, инженерлер апаттың себебін анықтауға тырысты. Қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бірақ ажал құшқан адамдардың орны ойсырап қалды. Сол сәтте “Не үшін жұмыс істеп жүрмін?” деген ойлар болды. Бірақ біз тек бірге жұмыс істейтін мамандар ғана емес, отбасы екенімізді түсіндім. Бұл – жауапкершілік пен борыш. Сөйтіп ары қарай жұмысымды жалғастырдым”, – дейді шахтер.
Айтуынша, қазір шахтадағы қауіпсіздік шаралары бұрынмен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген. Қазір қауіпсіздік техникасы бірінші орында. Жаңа желдету жүйелері, дабыл беру құрылғылары, арнайы киімдер мен метан датчиктері орнатылған. Бұрын мұның көпшілігі болмаған екен, бәрі қолмен жасалатын, тәжірибе арқылы келетін дейді кейіпкеріміз.
Асқар Мұсатаев қызмет істеп жүрген саладағы қиындықтарды әріптестерім ұмыттырады дейді.
“Біріншіден, ұжымым мықты, біз бір отбасы сияқтымыз. Екіншіден, өз ісімізбен мақтанамыз. Біз әр электр станциясы мен кәсіпорынға ауадай қажет затты өндіреміз. Ел экономикасында шахтердің рөлі өте маңызды. Көмір – энергия, жылу, өндіріс. Шахтерлер бүкіл мемлекетті жарықпен және жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бізсіз экономика құлдырайды”, – дейді ол шахта қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп.
Кейіпкеріміздің болашақта өзін осы салада көретін жас ұрпаққа айтары бар. Ол шахтердің қандай маман екенін айтты.
“Қазір шахтаға жұмысқа баратын жастар аз. Көбі қиындықтан қорқады, жеңіл жұмыс іздейді. Бірақ асқан құлшыныспен, қызығып келетін жастар да жоқ емес. Мұндай жастардың бары мені қуантады. Себебі оларсыз бұл сала өледі. Бастысы – қорықпау керек және жауапкершілік ала білу қажет. Шахтада жүргенде үлкенге деген құрмет пен темірдей тәртіп болуы тиіс. Адал еңбек етсең, өзің де құрметке бөленесің”, – дейді шахтер.
Оның сөзінше, шахта адамды әр күніңді бағалауға үйретеді. Әр шахтер өмірінің кез келген сәтте үзіліп кететінін түсінеді. Сондықтан кейіпкеріміз отбасы, үй, бейбітшілік секілді қарапайым дүниелерге қуануға тырысады.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді