Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әділ шешім шықпаса, болашақ қауіпті": Отандық шоу-бизнес өкілдері Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді

Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу сотында әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты негізгі сот тыңдалымы өтіп жатыр. Даулы іске қатысты елге белгілі азаматтар да өз ойын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды

Сотта сөз сөйлеген экс-министрдің марқұм жұбайы туралы айтқан жеке мәліметтері қоғам наразылығын тудырды. Отандық шоу-бизнес өкілдері түрлі пікір білдіріп, қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні айыптап жатыр. 

“Сезіммен әңгімем шошытты. Қоғамда қызу талқыға салынып, ашық түрде өтіп жатқан марқұм Салтанаттың соты ешкімді де айналып өтпеді. Тіпті, жасөспірім қыздарымыз да қарап отыр. "Анашым, неге сот әділетсіз өтіп жатыр? Қорғаушы тараптың қойып жатқан сұрақтары неге соншалықты сауатсыз?" деді. Жүрегім зырқ ете қалды. Ана ретінде қыздарымның болашағына алаңдаймын. Рас, әділ шешім шықпаса, болашақ қауіпті", – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова. 

Одан кейін тележурналист Дина Төлепберген де экс-министрдің сөзін, “еркекке тән қылық емес” деп айыптады. 

“Өлтіріп, артынан асылық айту – еркекке тән тірлік пе? Бүгін сотта Қуандық Бишімбаев марқұмның махаббат тарихын аяусыз айтып, өзін ақтап, халықты адастыруға тырысып жатқандай... Неге судья ерік береді оған? Салтанаттың ата-анасына, ағасына қаншалықты қиын екенін айтпағанда, сырттай бақылап отырған біз бұлқан-талқан болып отырмыз. Ол не десе, о десін. Бірақ біз, әйелдер, бірігіп, бір ойдан айнымайық!" – деп үндеу жасады журналист. 



Сонымен қатар, блогер Дина Төреәлі де марқұмның жақындарына көңіл айтып, Аллаға ғана тапсыру керегін айтты. 

“Негізі ешкімнің өміріне араласып, соны ақтарып зерттеп, уақыт кетіргенді ұнатпайды екенмін. Жаңа дүкенге кірсем де, сатушылар да Бишімбаев туралы айтып жатыр екен. Әлеуметтік парақшалар да солар туралы жазып жатыр. Өте қиын. Екі жақтың ата-анасына да оңай емес. Елімізде әділдік жоқ болса да, Алла әділ. Бәрі оңынан шешілсін!”, – деп жазды блогер. 

Одан кейін, Меруерт Түсіпбаева осы оқиғадан кейін еркектерге қатысты қорқыныш болғанын жасырмады. 

“Бұл оқиғаға бей-жай қарай алмаймын. Өйткені Салтанат – менің жерлесім. Айтылған кейбір әңгімелерге сенгім келмейді. Өлген адам тіріліп келіп, “олай болған жоқ” деп ақтала алмайды. Осы оқиғадан кейін қазақтың еркектерімен таныссам, “Әйелін ұрмай ма екен”, “Қол көтерсе, қалай қорғанамын” деген қорқыныш ой пайда болды. Жақсы еркектен әйел кетпейді. Салтанатқа дейін екі әйел жіберген адам”, – деп желіде ойын айтты әнші. 

Еске салайық, Бишімбаев келіншегін отбасылы еркектермен жүрген деп айыптағанын жазған едік. 

Талқылау