Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысындағы орман өрті: Қаза тапқан орман шаруашылығының басшысы қызметінен кеткісі келген

Абай ауданындағы орман өрті кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамгүл Жиенбаева қайғылы оқиғаның алдында қызметінен кеткісі келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Бұл туралы сот отырысында айтылды. 2023 жылдың маусым айында Абай облысында болған ірі орман өртіне қатысты іс Бородулиха аудандық сотында қаралып жатыр. Екі лауазымды тұлға "Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталуда.

Сот куәлардың айғақтарын қарауға кірісті. Істегі куәгердің айтуынша, қорықтың Новошульбі бөлімшесінің хатшы-кеңсешісі, өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығының басшысы Мейрамгүл Жиенбаева қайғылы оқиғадан бұрын қызметінен кеткісі келген екен. 

"Мейрамгүл Жиенбаева алғашында жұмыстан кету туралы арыз жазған. Алдымен көшірмесін жіберді, мен оны басып шығардым. Сосын бастыққа арызды өзі әкелді. Сосын бастықтың кабинетінен жылап шыққан. Ол менен арызды тіркеуімді өтінді. Осылайша біраз уақытқа өз арызынан бас тартты", – деді куәгер.

Айта кетейік, 33 жастағы Мейрамгүл Жиенбаева "Семей орманы" табиғи резерваты Новошульбі филиалының Успен орман шаруашылығы учаскесінің басшысы болған. Әйелдің артында күйеуі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

Еске салсақ, бұған дейін Семей орманындағы өрт кезінде қаза тапқан 14 адамның туыстары тергеуге наразылық білдіргені туралы жазған болатынбыз.

Талқылау