"80 жылдағы ең ірі су тасқыны, қанмен жазылған заң, зорлықшылар жазасы": Сәуір айы несімен есте қалды
Сәуір айында елімізде біршама өзгерістер болды. Мысалы 15 сәуірде қазақ әйелдерінің қанымен келген тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойылды. Сонымен қатар елімізде 80 жылдағы ең ірі су тасқыны болды. Stan.kz ақпарат агенттігі осы секілді сәуір айында болған маңызды оқиғаларға шолу жасап көрді.
Кейінгі 80 жылдағы ең ірі су тасқыны
Су тасқыны Қазақстанның 12 өңірінде – Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында тіркелді. Кейінгі дерек бойынша су тасқыны басталғаннан бері 119 220 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның 44 776-сы – балалар. Республика бойынша эвакуацияланған 39 352 адам үйлеріне оралды, 6 552 адам эвакуациялау пунктерінде қалды.
ТЖМ мәліметінше, Қазақстан облыстарында 7 089 жеке тұрғын үй мен 2 834 аула аумақтарынан су бұрылды.
Су тасқыны басталғаннан бері 13,1 миллион текше метрден астам еріген су сорылып, 1,5 миллион тонна инертті материалы бар 7,6 миллион қап төселді.
Апатты-құтқару және су тасқынын жою жұмыстарына 17 мыңнан астам адам мен 2 мыңға жуық техника, 291 су сору техникасы және 203 жүзу құралы, 7 ұшақ жұмылдырылған.
Сондай-ақ Қазгидромет 3 мамырда Атырау облысына су тасқынының екінші толқыны келетінін хабарлады. Атырау облысы әкімдігінің хабарлауынша, облыста су тасқынының алдын алу шаралары басталып кетті. Ұзындығы 506,7 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері салынып, бес миллионға жуық (4 882 352) құм салынған қап төселді.
Ресми деректерге сүйенсек, Атырауда жағалауды нығайту жұмыстарына 570 бірлік техника, түрлі ұйымдардың 948 қызметкері, 2709 ерікті жұмылдырылған.
Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібі енгізілді. 11 мыңға жуық отбасы (100 АЕК) 370 мыңға жуық төлем алса, қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін (553 800 тг) төлем жасалады. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезекте қажет заттарды сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығыны өтелетін болды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданды
15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарға қол қойды.
Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:
- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылып, жауапкершілік қатаңдатылды;
- тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
- өзін-өзі өлтіруге итермелегені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
- 16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта қысым көрсеткендерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз ұстап әкеткеніне жаза қатаңдатылды;
- кәмелетке толмағандарды жәбірлегендерге (буллинг, кибербуллинг) әкімшілік жауапкершілік енгізілді;
- білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға тиіс;
- 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Су тасқынынан 5 адам қаза тапты
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалпы республика бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 7 адам өлімі тіркелді. Атырау облысында 4, Ақтөбе облысында бір адам. Сондай-ақ Абай облысының Аягөз ауданында трактормен суға батып кеткен 2 адам әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Қаза болғандар арасында кәмелетке толмағандар жоқ.
Көз жұмғандар су тасқынынан кейін тұрғын үйлерін тексеріп келу үшін өз бетінше жүзіп өтуге бел буған екен.
Қазір осы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу қорытындысы бойынша шешім шығарылмақ. Барлық фактілер тексеріліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының үш өңірге сапары
Үш өңірге жасаған сапар барысында президент өңірлердің қарғын су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көріп, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
Сондай-ақ өңірлердегі тұрғындармен кездесті.
Кездесуде Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай, жанашырлық білдірген барша жұртқа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті. Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді.
Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынатынын, жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтірілетінін атап өтті. Оған қажет барлық қаражат бөлінетінін жеткізі.
Президенттің сөзінше, пәтерге көшкісі келетіндерге, мемлекет тарапынан пәтер сатып алып береді. Кім өз қонысында қалғысы келсе, оларға типтік үлгідегі үйлер салып береді деді.
Мемлекет басшысы су тасқыны салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті. Қостанай облысына жасаған сапарында халыққа су тасқынын еңсеруге көмектескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен де жүздесті.
Тоқаевтың сөзінен соң елде киік атуға рұқсат берілмейтін болды
16 сәуір күні Қостанай облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездескен Тоқаев ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын жеткізген еді.
Көп ұзамай орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "Санын реттеуге жататын жануарлар түрлерін жоюға рұқсат беру" мемлекеттік қызметтерін көрсету қағидаларына түзету енгізді.
Құжат 8 мамырға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық нормативтік құқықтық актілер" сайтына жарияланды.
Кальянға тыйым салынады
Осыған дейін мәжілісте көтерілген мәселе қазір талқыланып жатыр. Адам өміріне қауіпті саналатын қорқорды қазір қоғамдық орындарда тартуға шектеу қойылған. Десе де айыппұлдың аз мөлшері бұған тосқауыл бола алмай тұр. Былтырдан бері мыңдаған адамға айыппұл салынған. Бірақ соманың аздығы кәсіпкерлердің заңнан аттап өтуіне жол ашып жатыр дейді мамандар. Мәселен тыйым салынған орындарда қорқор тартуға 55 мың теңгеден бастап, 185 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Енді денсаулық сақтау министрлігі елімізде кальянға толығымен тыйым салуды көздеп отыр.
"Денсаулық сақтау министрлігі биыл реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижесі бойынша кальянның, кальянға арналған темекі мен кальян қоспаларының айналымына толық тыйым салуды заңнамаға енгізу мәселесі қаралады", – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Азаматтар кальян шегу кезінде көптеген дертке душар болуы мүмкін. Мысалы, жоғары температурада химиялық реакция арқылы қыздырылған түтін тікелей өкпені зақымдайды. Жаңа заңнама нәтижесі қалай болатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.
Экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталуы
Қазақстанның Бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр.
Бас прокуратураның мәліметінше, Ерлан Тұрғымбаев 2024 жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталған.
"Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды. Мемлекеттік құпияларды құрайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚІЖК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелген", – делінген хабарламада.
Оқулықтар 100% цифрлық форматқа көшірілді
Оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілді.
Цифрлық оқулықтар елімізде 13 баспаның 11 платформасында әзірленіп жатыр. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың сөзінше, пәндерді оқытуда инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу мақсатында педагогтердің қолдануы үшін әдістемелік ұсыныстар әзірленді.
Енді мұғалімдер сабақтарды заманауи цифрлық технологияларды, онлайн коммуникацияларды, саралау мен талдауды пайдалана отырып өткізеді. Сондай-ақ онлайн ресурстарды қолдану бойынша білімін жетілдіреді.
Вейптерді жарнамалауға және сатуға тыйым салу туралы заң мақұлданды
198 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған.
- Заң медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таралуының алдын алу және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған.
- Заң арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді (Заң ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енеді)
Сонымен қатар медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған түзетулер қабылданды:
- тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан балалары үшін басым тәртіппен орын алу, кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандығына құрметпен қарау, медициналық мамандығы бойынша әскери қызметін өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқықтары берілді;
- "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы – мемлекеттік наградасы белгіленді;
- басы артық есеп немесе ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесін бекітеді;
- аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда, оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі.
- “Бұдан бөлек, Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған (Бұл норма ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Бишімбаев ісі әлем назарында
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы 27 наурызда басталып әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Атышулы іс әлем назарын өзіне аударып, Италия, Германия сынды елдерде экс-министрдің қолынан қаза болған Салтанат Нүкенованы қолдау митингілері өтті.
Сондай-ақ Америкалық The Washington Post басылымы бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісі мен Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материал жариялады.
Washington Post газеті Бишімбаевтың ісі қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдануына себеп болғанын атап өтті. Америкалық БАҚ дерегінше, көршілес Ресей сияқты Қазақстан да негізінен патриархалдық қоғам болып қала береді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, жыныстық қудалау және жұмысқа орналасудағы теңсіздік сияқты мәселелер бар екені айтылған.
Айта кетейік, Бишімбаев ісі бойынша сотта пікірталас 29 сәуірде басталуы керек еді. Сот отырысының алдында мемлекеттік айыптаушы тергеуді қайта жаңартуды талап етіп, бапты өзгертуді сұрады.
Прокурор, Байжановқа тағылған қылмыстық кодекстің 434-бабы “Қылмысты хабарламау” бойынша айыпты 432-бабы “Аса ауыр қылмысты жасыру” деп өзгерту қажет екенін жеткізді. Өйткені ол аса ауыр қылмыстың болғанын біле тұра, құзырлы органдардың ресторанға кіруіне кедергі келтіріп, саналы түрде марқұмды жасыруға тырысты дейді.
Енді тергеу үшін сот созылады. Келесі сот отырысы 2 мамырда болады.
Зорлық-зомбылық себебін қыздардан іздегендер подкасты
Желіде діннің құндылықтары туралы әңгіме қозғайтын танымал қазақстандықтардың қатысуымен өтетін подкасттан үзінді тарады. Бұл желі қолданушыларының ызасын туғызды. Өйткені ондағы ерлер зорланған әйелдердің өзін кінәлауға тырысып, ондай фактілер “дұрыс емес киім” мен “дұрыс емес уақытта, дұрыс емес жерде жүргеннен” болатынын айтады.
Құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов университетте оқып жүргенде, криминология пәнінің мұғалімі, белгілі бір подполковник Қазақстандағы зорлау статистикасын келтіргенін айтты. Сөзінше, әйелдерді зорлаудың 85%-ы “дұрыс емес жерде”, “дұрыс емес киіммен, дұрыс емес уақытта жүргендіктен болады. Құқық қорғаушының сөзіне сенсек, зорлықтың негізгі себептері осылар екен.
ТМД-ға белгілі рэпер Jah Khalib "дұрыс емес киім" дегенге аса мән беруді сұрады. Ол ашық киінген қыздарға қарағанда хиджаб киген қыздар өзін қауіпсіз сезінетінін айтты. Сондай-ақ ол ашық кигендер ерлерді еліктіреді деген пікірді қолдады.
Orta подкасты YouTube-та өткен жылы тамызда жарық көрді, оны жарты миллион адам көрген.
Әйелдер құқығын бұзып, кемсітушілік білдіргеніне байланысты тыңдармандар оны қолдамауды және әнші ретінде мойындамауды сұрады. Оның әлеуметтік желідегі фотосының астына қазақстандықтар оның концертіне енді бармайтынын жазды.
Нәтижесінде қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің Молдава астанасы Кишиневте өтетін концерті болмайтын болды. Бұл туралы 27 сәуірде Summer Fest ұйымдастырушылары хабарлады. Ұйымдастырушылар бұл шешім аяқ асты қабылданбағанын, бұл туралы бұрын хабарлауға мүмкіндік болмағанын айтты.
Алматыдағы автобус апаты
26 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық сотында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот отырысы аяқталды. Судья сотталушы Дархан Ахметжановқа қатысты сот үкімін шығарды.
Автобус жүргізушісін соққыға жыққан сотталушы Дархан Ахметжановқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жаза тағайындалды. 351-баптың 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша және 293-баптың 1-бөлігі "Бұзақылық" бабы бойынша шешім шығарылды.
Сотталған адам жазасын ең төменгі режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ сот сотталушыны жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің материалдық және моральдық өтемақы төлеу туралы талап арызын қанағаттандырды.
Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің сотталушы Ахметжановқа қойған талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Осылайша, сот Құсайыноваға материалдық шығын ретінде 6 миллион 397 мың теңге, сондай-ақ Байдалиевке 10 миллион теңге төлеуге шешім қабылдады. Жүргізуші Ермек Шөкебаеваға қатысты моральдық шығын мен материалдық шығынды тек Ахметжанов өтейтін болды. Оған жәбірленуші тарапқа өз еркімен ақша төлеуге екі ай уақыт берілді. "Егер бұл орындалмаса, өндіріп алу мәжбүрлі түрде жүзеге асырылатыны хабарланды.
Сот жүргізуші Ермек Шөкебаеваны жәбірленуші деп таныды. Сот Шөкебаева мен "Думан Транс" ЖШС-не қатысты моральдық өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Алматыда қызды пышақпен қорқытып, зорлаған бар күзетшісі сегіз жыл бір айға сотталды
Айыпталушы Дінмұхамед Құдайбергенге Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы (Өлтіру қатерімен қорқытып зорлау) бабы бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
121-баптың 2-бөлігінің 2-тармағы – "Кісі өлтіремін деп қорқытып жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, тонау" бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталған адам материалдық шығын үшін 479 мың теңге, моральдық шығын үшін үш миллион теңге және ойын-сауық шығындары үшін екі миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, 2023 жылдың қараша айының басында Ұлжан есімді Алматы тұрғыны екі ай бұрын қала орталығындағы барлардың бірінде күзетшінің сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткенін айтқан еді. Қыздың айтуынша, ол оны пышақпен қорқытқан. Жәбірленуші полицияға хабарласқан, алайда тәртіп сақшылары оған қысым көрсеткен. Содан кейін әйел мемлекет басшысына үндеу жасаған еді.
29 қарашада күдікті қамауға алынды. Оған қарақшылық шабуыл жасады деген айып тағылды.
Сот процесі ақпан айында басталған. Кездесулер жабық есік жағдайында өтті. Жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақова болды.
Қыз зорлады деп айыпталған Талдықорған полициясының экс-бастығы Марат Күштібаев 11 жылға сотталды
Қыз зорлады деп айыпталған Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Марат Күштібаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жетісу облысының Талдықорған қалалық сотында Марат Күштібаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі 5-тармағы (қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Тағылған айыптарға сәйкес 2023 жылғы 12 қарашада Марат Күштібаева Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы бола тұра, полиция басқармасының ғимаратында, өзінің қызметтік кабинетінде зорлау, яғни қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық қолдану арқылы жыныстық қатынас жасаған.
Сот үкімімен оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды.
Әлемдегі назар саларлық оқиғалар
Тайваньда кейінгі 25 жылда болмаған қуатты жер сілкінісі тіркелді
3 сәуірде Тайваньда Бейжің уақытымен таңғы 07:58-де 7,7 балдық зілзала болды. Содан кейін 6,6 балдық жер сілкінісі қайталанды. Метеорологтар Тайваннан шығысқа қарай 5,4 балдық төрт зілзала болғанын хабарлады.
Тайванда болған зілзаладан жеті адам мерт болып, елуден астам тұрғын жарақат алды. Хуалянь қаласында Чжуншань және Чунцин көшелерінің қиылысында ішінара қирап, қисайып қалған ғимаратта сегіз адам қалып кеткен.
Оқиға орнына құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жеткен. Бірақ құтқару жұмысы кезінде афтершоктар қайталанған еді. 23 миллион халқы бар аралда пойыз қатынасы тоқтатылды. Сондай-ақ Тайбэйде жер үсті арқылы өтетін метро желісі жартылай зақымдалды.
Нью-Йоркте 40 жылда алғаш рет ең қуатты жер сілкінісі болды
5 сәуірде АҚШ-тың шығыс жағалауында болған 4,8 балдық жер сілкінісінің дүмпулері Нью-Йорк пен оның айналасында сезілді.
Жер сілкінісінің эпицентрі Нью-Йорк қаласынан батысқа қарай 40 миль (64 км) жерде, Нью-Джерси штатындағы Лебанонға жақын жерде болды. Нью-Йорк пен оның маңындағы аудандарға келтірілген шығын көлемі нақтыланбады. Қаланың өрт сөндіру қызметі зілзаланың салдарын бағалады.
Американың шығыс жағалауында жер сілкінісі сирек кездеседі және бұл Нью-Йорктегі кейінгі онжылдықтардағы ең күшті жер сілкінісі болды. Әлеуметтік желі қолданушылары жер сілкінісі Филадельфиядан Нью-Йоркке дейін және шығыс жағалауда Бостонға дейін сезілгенін хабарлады.
Өткен жылы Буффалода (Нью-Йорк) 6 ақпанда магнитудасы 3,8 балдық жер сілкінісі болды. Алайда бұл аймақта 40 жыл бойы мұндай жер сілкінісі болмаған.
Италия мен Германияда "Салтанат үшін" бейбіт митингі өтті
Митингке қатысушылар Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап етті.
6 сәуірде Италияның Сицилия провинциясындағы Мессина қаласында оқитын қазақстандық студенттер өз әйелін аяусыз ұрып өлтірді деп сотқа тартылған Бишімбаевтың сотына қатысты бейбіт жиын жасады.
30-ға жуық адам мерт болған Салтанат Нүкенованың фотосы бар плакаттарды ұстап шықты. Шананы қазақстандық студенттермен қатар Италияның феминистік ұйымы және қырғызстандықтар қолдады.
7 сәуірде Германияның Берлин қаласында 120-ға жуық адам қатысқан митинг өтті. Олар Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды талап етті. Сөздерінше, Салтанат Нүкенова Қазақстандағы күйеуінің қолынан қаза тапқан бірінші әйел емес. Германиядағы қазақстандықтардан бөлек үндістандық, әзірбайжандық, қырғызстандық, түркісменстандық, өзбекстандық, украиналық және оңтүстік кореялық азаматтар да митингке қатысты.
Дубайда жауынның соңы су тасқынына ұласты
16 сәуірде толассыз жауған жаңбыр мен дауылдың салдарынан Дубайды су басты. Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі қаласындағы су тасқынының видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
Khaleej Times басылымының мәліметінше, ауа райына байланысты қаладағы метро қатынасы үзілген. Абу-Даби мен Дубайда көптеген ғимараттар мен аудандарда электр қуаты мен су үзілген. Тұрақсыз ауа райы жағдайында Дубай билігі мемлекеттік қызметкерлер мен жеке мектеп оқушыларының қашықтан жұмыс істеу және оқу мерзімін ұзартты.
Билік жеке компанияларды қызметкерлерін үйден жұмыс істетуге және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Қала әуежайындағы рейстер тоқтатылып, кейінге шегерілген. Кейбір рейстер басқа әуежайларға жіберілді.
АҚШ пен Қырғызстанда TikTok бұғатталды
Еурокомиссия Еуроодақта жаңа TikTok Lite қызметін бұғаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Ұйымның айтуынша, бұл, әсіресе, балаларда тәуелділік тудырады. Видео көру, лүпіл басу және пікір қалдыру зиян әдетті қалыптастырады.
Сәуір айының басында жаңа TikTok Lite Испания мен Францияда іске қосылды. Цифрлық қызметтер туралы жаңа заң аясында Еуропалық комиссия TikTok иесіне қызметтің балаларға әсерін бағалау үшін уақыт берді.
Ал Қырғызстанның ақпарат көздері елде TikTok желісін қолдануға тыйым салынғанын мәлімдеді. Алайда бұғаттау мәселесі желі қолданушылары мен сарапшылар арасында қызу талқыланып жатыр.
БАҚ дерегінше, қолданушылар әлеуметтік желіге кірмек болғанда ол қатып қалады. Кейбір провайдерлер әлеуметтік желіге кіруге әлі тыйым салмаған.
Бұған дейін Қырғызстанның цифрлық даму министрлігіне қарасты байланыс саласын реттеу және қадағалау қызметі елдің интернет-провайдерлеріне TikTok әлеуметтік желісіне кіруді шектеуді сұрап, хат жолдаған.
Ведомство бірқатар үкіметтік емес ұйымдар балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына кері әсер ететін TikTok әлеуметтік желісінің зиян әсеріне алаңдап, өтініш білдірушілер көбейгенін айтты.
Пайдаланушылардың сөзінше, әлеуметтік желіге тыйым салса, шағын және орта бизнеске зардабын тигізеді. Сонымен қатар олар Қырғыз Республикасындағы сөз бостандығы мен демократияға нұқсан келтіреді, жастардың өзін-өзі дамыту мүмкіндіктеріне шектеу қояды деп сынады.