"5 жылдан бері аңдып жүр": Танымал блогер сталкингке ұшырағанын айтып берді
Фото: https://www.instagram.com/maliya023/
Танымал блогер, актриса Әлия Байбусынова өзін бейтаныс ер адамның аңдып жүргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі жұлдызы 5 жылдан бері сталкинг құрбанына айналғанын жасырмады.
“2020 жылдан бері бейтаныс ер адам жазып жүр. Жылы сөздері үшін алғыс айттым. Кейін тағы да жазғасын бұғаттап тастадым. Бір күні ғашық адамдарға қатысты видеороликтер жібере бастады. Өте қорқынышты жағдайлар көп болды. Бірде вокзалда менің келгенімді күтіп тұрыпты. Тіпті, фотосын да жіберді. Қатты қорқып кеттім. Оның жасы 35-42 жас аралығында, үйленген, балалары бар. Бес жылдан бері гүл жіберіп, жеке нөмеріме хабарласуын қоймады”, – деп бастады әңгімесін блогер.
Желі жұлдызының сөзінше, жасөспірім кезінде де бейтаныс адамдар аңдып, қорқытқан көрінеді.
“Ол кезде жасым тым кішкентай болды. Вокзалда тұрғанда бір адам мені танитынын айтып, қолымдағы жүгіме жабысты. Телефонының бетіне менің фотомды қойып қойыпты. Полиция шақырдық. Ол бұрылып кеткенде, мен үстелдің артына тығылып қалдым. Одан кейін көрші үйде тұратын бір жігіт те жазып қоймады. Екеуміз жақын жерде тұрамыз деп күн сайын хабарлама жазатын. Кейін бұғаттап тастадым. Бірде тамаққа тапсырыс бердім. Мені көрген курьер: “Әлия, сен осы жерде тұрасың ба?” деп таңғалды. Ол да маған қорқынышты болды. Мен өзімді танымал адаммын деп санамаймын. Бірақ өзімді қорғау үшін түрлі заттарды қалтама салып жүретін болдым”, – деді актриса.
Фото: TikTok/@aliya.023
Еске салайық, Қазақстанда енді адам аңдығандар қылмыстық жазаға тартылатынын жазған едік.
"Арнайы "сталкинг" деп аталатын бап қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылып жатыр. Құжатты келесі аптада немесе арғы аптада екінші оқылымға шығару жоспарланып отыр. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық үшін айыппұл түріндегі санкция ұсынылып отыр", – деген еді Абзал Құспан.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
