42°C ыстық: Қазақстанның 16 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Қазақстанның 16 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің болжамынша, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғады.
Қызылорда облысының бірқатар ауданында шаңды дауыл күтіледі. Ал Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.

Елдің басым бөлігінде аптап ыстық сақталады.
“Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау, Алматы және Жетісу облыстарында ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі. Қызылорда мен Түркістан облыстарында +40…+41 градус, ал Маңғыстау облысында 42 градусқа дейін ыстық болады”, – деп мәлімдеді синоптиктер.
Сонымен қатар өңірлердің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аумақтарында өрт қаупі өте жоғары деңгейде болады.