"Қуаныштың көз жасы": Грант иегерлері өздерінің әсерлі сәттерін бөлісті (видео)
7 тамыз ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысын жариялады. Артынша әлеуметтік желіде жас талапкерлер өздерінің әсерлі сәттерін жарыса бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл күн конкурс нәтижесін тағатсыздана күткен мыңдаған қазақстандық түлек үшін ең ерекше сәттердің біріне айналды.
Нәтижелер жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде әсерлі видеолар кеңінен тарай бастады. Абитуриенттер мемлекеттік грант иегерлері тізімінен өз есімдерін тапқан сәттерін видеоға түсіріп, көпшілікпен бөлісті.
@nukeevasss АЛМАТЫ ВСТРЕЧААЙ❤️@ҰБТ ГЕОГРАФИЯ ЕНТ #грант2025#ҰБТ2025#арманыморындалдыыы ♬ оригинальный звук - .
Көптеген отбасы үшін бұл күн нағыз мерекеге айналды.
Видеоларда түлектердің қуаныштан көз жасына ерік бергенін, ал олардың ата-аналары мен достарының бірге қуанғанын көруге болады. Енді бірі бірден туыстарына қоңырау шалып, сүйінші жаңалығын жеткізген сәтін бөлісіп жатты.
Желі қолданушылары да кеше ғана мектеп бітірген түлектерді өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтап, оқуларына сәттілік тілеуде.
Осындай видеоларды Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те жариялап, мемлекеттік білім беру грантының иегерлерін жоғары оқу орындарына түсуімен құттықтады.
"Мемлекеттік білім беру грантының иегерлерін осы айтулы жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – қажырлы еңбек, табандылық және білімге деген ұмтылыстың лайықты жемісі. Бақытты талапкерлердің қуанышын бірге бөлісіп, оқуына табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тілейміз", – деп жазды Саясат Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам өтініш берілген. Мемлекеттік грант иегерлері енді келесі кезеңде өздері таңдаған жоғары оқу орындарына құжат тапсырады. Қазақстандағы жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.