Балалар 40 °C ыстықта құрылыста жұмыс істеген: Алматы-1 вокзалында дау туды
Желіде Алматы темір жол вокзалының құрылысында кәмелетке толмаған балалардың жұмыс істеп жүргені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тhreads әлеуметтік желісінде karina_advokatt есімді қолданушы фотолар жариялап, Алматы-1 теміржол вокзалында балалардың жұмыс істеп жүргенін жазды.
"Алматы-1 теміржол вокзалында балалар жұмыс істеп жүр. Вокзал жер сілкінісі болғандай күйде. Бұзуға болатынның барлығын бұзып тастаған. Ал жөндеу жұмыстарын 40 градустық аптап ыстықта балалар атқарып жүр. Жастары шамамен 10–12-де ғана, одан үлкен емес. Жазбада анық көрінеді", – делінген жазбада.
Желіде тараған ақпаратқа қатысты "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ жауап берді.
"Алматы-1 теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарын мердігер ұйым – "Заман Құрылыс" ЖШС жүзеге асырып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және тарту мәселелері толықтай мердігердің құзыретіне жатады және "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның функцияларына кірмейді", – делінген ақпаратта.
Өткен жылдың қараша айында жолаушылар Алматы-1 теміржол вокзалының жағдайына наразылық білдірген еді. Артынша ғимараттың сейсмотұрақтылығы күшейтілетіні белгілі болды.
Кейін премьер-министр Олжас Бектенов Алматы және өзге қалалардағы вокзалдарды жөндеу қарқынын сынға алды. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтау жөнінде ескерту жасады. Биыл мамырда Үкімет жөндеу жұмыстарын жеделдетуді талап етсе, шілдеде реконструкцияға 500-ден астам маман жұмылдырылғаны, алайда нысанның дайындығы әзірге 40 пайыз екені хабарланған.
