Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбайдың денесіндегі 35 жарақаттың бәрі тірі кезінде пышақталған – Сот-медициналық сарапшы

Нұрай Серікбайға жасалған сараптама
Фото: Видеодан скрин / Stan.kz

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында сот-медициналық сарапшы Жанболат Пернебеков марқұмның денесіндегі жарақаттардың сипаты мен олардың өмірге қауіптілігі туралы жауап берді. Сарапшының айтуынша, денедегі барлық 35 жарақат жәбірленуші тірі кезінде жасалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Іш және кеуде қуысына енген әрбір жарақат өмірге қауіпті"

Сот барысында сарапшы Жанболат Пернебековке іш және кеуде қуысына түскен пышақ жарақаттарының қауіптілігі туралы сұрақ қойылды.

"Неге іш қуысына, кеуде қуысына енген жарақат болатыны – өмірге қауіптілік белгісі бойынша ол өлімге алып келуі мүмкін. Яғни, жалғыз жарақат болса да, бірнеше жарақат болса да... Егер кеуде қуысы мен іш қуысына еніп, ішкі ағзаға және сыртқа қарай қан кету әсерінен ол өлімге алып келеді", – деді сот-медициналық сарапшы.

"Яғни, жарақаттардың әрбір түрі өлімге қауіпті деген сөз бе?" деген сұраққа сарапшы "Иә" деп жауап берді.

"Қай жарақат бірінші салынғанын анықтау мүмкін емес"

Сотта жарақаттардың қайсысы бірінші, қайсысы кейін салынғанын анықтау мүмкіндігі туралы да сұрақ көтерілді. Алайда сарапшы мұндай қорытынды жасауға болмайтынын айтты.

"Жоқ, ол мүмкін емес. Ол сараптама тағайындалғанда да қаулыда қойылған болатын, ол сұраққа мен жауап бергенмін. Жауабым жоқ", – деді Пернебеков.

 

Сондай-ақ ол жарақаттардың денеге қай бағыттан, алдынан, артынан немесе арқасынан салынғанын да айта алмайтынын жеткізді.

"Айта алмаймыз, артынан ба, алдынан ба, әлде арқасынан шабылған ба... Ал оқиға орнына мен барған жоқпын. Оны айта алмаймын", – деді сарапшы.

"Барлық 35 жарақат тірі кезінде салынған"

Сот отырысында судья жәбірленушінің денесіндегі жарақаттардың өмір кезінде салынған-салынбағанын нақтылады.

Судья "Осы 35 жарақаттың бәрі тірі кезінде салынып тұр ғой, иә?" деп сұрады.

Сарапшы "Иә", адам ауырсынуды сезінеді" деп жауап берді.

Сот барысында жәбірленушінің жарақат алу кезінде қандай күйде болғаны туралы да сұрақ қойылды.

Судья жарақаттардың тірі кезінде салынуы жәбірленушіге тән және жан азабын келтірген болуы мүмкін бе деген сауал жолдады.

"Ол жерде енді жарақат бұған байланысты, мен оны ондай нәрселер тартты дегенді жоққа шығармаймын, бірақ оған нақты жауап бере алмаймын", – деді сарапшы.

Ал жәбірленуші мұндай жарақаттар кезінде нені сезетінін сұрағанда, сарапшы қысқа жауап қайырды.

Сонымен қатар "көмек сұрауға, қол сермеуге немесе қандай да бір әрекет жасауға шамасы келе ме?" деген сұраққа "Ол сұраққа нақты жауап бере алмаймын" деді сот-медициналық сарапшы.

Бұған дейін сотта Нұрайды пышақтаған сәт көрсетілді. Кадрдан Нұрайдың кетуге әрекеттенгенін көруге болады. Сол кезде айыпталушы Шерхан Аймахан оны тебеді. Сол сәтте қыз қашпақ болады. Алайда сотталушы соңынан қуып келіп, пышақпен шабуыл жасайды.

Нұрай көліктің алдына келіп құлайды. 

Оған қоса сотта айыпталушы қолданған екі пышақ көрсетілді. Сараптама олардың суық қару санатына жатпайтынын анықтаған. Десе де Нұрайдың адвокаты бұл пышақпен адамды өлтіру мүмкін емес дегенді білдірмейтінін жеткізді.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Айым Атамбаева
Жұма, 07 Тамыз, 2026 16:47