"Сәтпаев емес, Сәтбай болсын": Әбдіжаппар Әлқожа Дастан Сәтпаевқа ұсыныс тастады
Әнші Әбдіжаппар Әлқожа футболшы Дастан Сәтпаевтың тегіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жас спортшының тегі қазақы үлгіде жазылса, ұлттық болмыс айқынырақ көрінер еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі Дастан Сәтпаевтың “Челси” сапындағы алғашқы голын атап өтіп, бүгінде оның есімі әлемге танылып келе жатқанын айтты.
“Дастан Сәтпаев бауырымыз “Челсиге” барып, өзінің бірінші голын соқты. Енді түсініктемешілер, жалпы әлемнің адамдары “Сәтпаев” деп айтып жатыр. Қазақстан егемендік алғанына 35 жыл болды. Неге соны “Сәтбай” деп ауыстырмаймыз?” – деді әнші.
Әбдіжаппар Әлқожа жанкүйерлерге де осы бастаманы қолдауды ұсынып, қазақстандықтардың тегіндегі “-ов”, “-ев” жалғауларынан біртіндеп бас тартып жатқанын еске салды.
“Біз жанкүйерлер “Тегіңді Сәтбай деп ауыстыр” деп ұсыныс тастайық. Қазіргі балаларымыздың да тегінен “-ов”, “-ев” деген жалғауларды алып тастап жатырмыз. Әйтпесе, орыстарға тартып тұрады”, – деді ол.
Сонымен қатар әнші ресми құжаттағы тегін өзгертпесе де, спорттық жейдесінде немесе ақпараттық тақтада қазақы нұсқасы жазылса, бұл ұлттық ерекшелікті айқындай түсетінін айтты.
“Мейлі, құжат бойынша Дастан Сәтпаев болып тұра берсін. Бірақ киімінде, таблода “Сәтбай” деп тұрса, нағыз қазақ екені көрініп тұрады. Қаныш Сәтбаев атамыздың аты қандай дүркіреген болса, Дастан Сәтпаев та солай дүркіреп тұр. Мүмкін, осыны бәріміз қолдайық”, – деп түйіндеді Әбдіжаппар Әлқожа.
