Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ойымда жүрген адам бар": "Шал" рөлін сомдаған Ерболат Тоғызақов үй алса, үйленгісі келетінін айтты

 Ерболат Тоғызақов
Фото: Видеодан скриншот

“Шал” фильміндегі басты рөлімен көпшілікке танылған актер Ерболат Тоғызақов “Уақыт көрсетеді” YouTube-арнасына берген сұхбатында баспана туралы арманы мен жеке өмірі жайында сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер қазір үйлену туралы бұрынғыдай көп ойламайтынын жеткізді. Дегенмен жалғыздыққа да бой үйреткісі келмейтінін жасырмады.

“Қазір үйлену туралы ойым басылып қалды. Кейбіреулер “әлі жассың ғой, біреуін алмайсың ба?” деп жатады. Алмаймын. Оған да үйрену керек қой. Менің отбасым болмаған. Жасырмаймын, қазір немереммен тұрамын. Ол інімнің қызы, бірақ олар менің отбасым. Немереме де, күйеу балама да ризамын. Маған өз әкелеріндей қарайды”, – деді актер.

Ерболат Тоғызақовтың айтуынша, көптен бері көңілінде жүрген армандарының бірі – жеке баспаналы болу. Өз үйі болса, туған-туысы мен немерелерін жиі жинап, бір шаңырақтың астында бас қосқысы келеді.

“Өз үйім болса деген арманым бар. Сол кезде бүкіл немерелерімді, туыстарымды жинағым келер еді”, – дейді ол.

Өнер иесі мемлекет тарапынан мәдениет саласының қызметкерлеріне баспана беріліп жатқанын қуана қабылдағанын да айтты. Алайда өзінің қазіргі табысына пәтер сатып алуға шамасы жетпейтінін жеткізді.

“Биыл Президентіміз өнер саласының қызметкерлеріне пәтер берді. Мен бұған өте ризамын. Қандай керемет. Шынын айтқанда, мен де кезінде күттім ғой. Бірақ Кеңес үкіметінде болмады. Ал қазір күшім жетпейді. Зейнетақыма пәтер ала алмаймын”, – деді Ерболат Тоғызақов.

Тоғызақов жастық шағында отбасының баспана мәселесін бастан өткергенін де еске алды. Сібірден көшіп келгеннен кейін біраз уақыт жағдайы нашар жалдамалы үйде тұрған. Кейін әкесі үш бөлмелі пәтер алған.

Актер баспананың болмауын жеке өмірімен де байланыстырады. Оның сөзінше, біреудің үйінде тұрып, отбасын құруды қаламайды.

“Өзімнің пәтерім болмаса, мен қалай біреуді алып келіп, оған үйленемін? Біреудің пәтерінде қалай тұрамыз? Менің үйленбегенімнің де бір себебі сонда. Пәтер алсам деген арманым бар. Баспанам болса, өмірімнің соңына дейін жалғыз болғым келмейді. Ойымда жүрген адам бар”, – деді ол.

Актер болашақта жеке баспанасы болса, өмірінің соңына дейін жалғыз қалғысы келмейтінін айтты.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 07 Тамыз, 2026 16:40