Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам 1 миллион еуро ұтқан лотерея билетін қателесіп қоқысқа тастап жіберген

Қоқыс арасындағы адам
Фото: facebook.com/nicolaroberto.toscano

Италияның Битонто қаласының тұрғыны 1 миллион еуро ұтқан лотерея билетін байқамай қоқысқа тастап жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ilpost.it басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылымның мәліметінше, ер адам ұзақ жылдар бойы өзіне жақын адаммен байланысты бірдей сандар комбинациясын пайдаланып, жедел лотереяға тұрақты түрде қатысып келген. Алайда кезекті ұтыс ойынынан кейін бас жүлдені жеңіп алғанын аңғармай қалған.

Ер адамның қателесуіне лотерея ережесіндегі ерекшелік себеп болған. Ірі көлемдегі ұтыстар сату орындарында берілмейтіндіктен, билетте "төлемге жатпайды" деген белгі шыққан. Мұны көрген ер адам билетті ұтыссыз деп ойлап, оны лотерея сатылатын дүкенге қалдырып кеткен.

Алайда үйіне барған соң туыстары ұтысқа түскен сандардың өзі таңдаған комбинациямен сәйкес келгенін айтқан. Ер адам дүкенге қайта оралғанда, билет басқа қоқыстармен бірге тасталып, қоқыс полигонына жөнелтілгенін білген.

Қоқыс шығарумен айналысатын Sanb компаниясының басшысы Роберто Никола Тосканоның айтуынша, мамандар қоқыс тасымалының бағытын қалпына келтіріп, билет түскен контейнерді анықтаған. Қалдықтардың ластану қаупіне байланысты олар басқа кәсіпорынға жеткізіліп, қызметкерлер қоқысты қолмен сұрыптауға кіріскен.

Іздеу жұмыстары келесі күннің таңына дейін жалғасқан. Нәтижесінде ұтыс билеті басқа купондармен бірге бүлінген қаптың ішінен табылған. Купондардың басым бөлігі жарамсыз күйде болса, 1 миллион еуро ұтқан билет қана бүлінбей сақталған.

Компанияның мәліметінше, ұтыс билетін іздеу және қалпына келтіру жұмыстарының барлық шығынын ұтыс иесі өз мойнына алған. Ол бұған дейін қосымша шығындарды өз мойнына алатыны туралы арнайы құжатқа қол қойған.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде шашылып жатқан қоқыстан мемлекеттік аурухананың құжаттары табылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 07 Тамыз, 2026 22:18