Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"3 миллион емес, 2,8 мың гектар жер зақымдалған": Сарапшы экология министрлігінің ақбөкендерді ату үшін өтірік ақпарат ұсынғанын мәлімдеді

Қазақстанда киік аулау мәселесі өзекті болып тұр. Жақында ғана экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2023 жылдың 1 қазаны мен 15 қараша аралығында киік аулауға рұқсат етілгенін хабарлаған еді. Себебі ақбөкендер Батыс Қазақстан облысында 3 миллион гектар ауылшаруашылығы алқаптарына зиянын келтірген. Алайда журналист Кирилл Павлов бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Казахский чуваш Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: uralskweek.kz

Журналис ақпаратты нақтылау үшін Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне жүгінгенін, бірақ алған ақпараты министрлік келтірген мәліметтерге сәйкес келмейтін айтады. 

"Министрліктің жауабына сілтеме жасай отырып, барлық зардап шеккен шаруалар мен жерлердің, соның ішінде шабындықтар мен жайылымдардың толық тізімін сұрадым. Әкімдік 2,8 мың гектар егістік алқапқа ғана акт жасалған деп жауап берді. Ал 1350 шаруаның орнына 25 шаруа ғана зардап шеккені айтылды. Бір қызығы қалған 2997,2 мың гектар және 1325 шаруа қайда кетті? Неге бұл үшін киіктер жауап беруі керек? Нысанбаев мырза, сіздің қызметкеріңіздің калькуляторы немесе логикасы бұзылған ба? Бұл үшін кім жауап береді?" – деді журналист. 

Фото: Казахский чуваш Telegram-арнасынан алынды

Айта кетейік, бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2024 жылдың 1 қазаны мен 15 қараша аралығында киік аулауға рұқсат етілгенін хабарлаған еді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев киік етіне қатысты шыққан даулы мәселеге жауап беріп, ақбөкендердің әсерінен өңірдегі шаруалар 8 миллиард теңге шығынға ұшырағанын айтқан еді. 

Талқылау