Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"32 пәтер, 11 көлік сатып алған": Қазақстандық компания сирек ауруға арналған дәрілердің бағасын қолдан көтеріп келген

сирек кездесетін дәрі-дәрмек
Фото: freepik.com

Қазақстанда сирек ауруға арналған дәрілердің бағасын қолдан көтеру дерегі әшкереленіп, мемлекетке 3,7 миллиард теңге залал келтірілгені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, "Интерфармсервис" ЖШС Дюшенн бұлшықет дистрофиясына қарсы препараттардың еліміздегі жалғыз жеткізушісі болған. Компания бес жыл бойы бұл дәрілерді медициналық ұйымдарға жеткізіп келген.

Алайда белгіленген шекті бағаға қарамастан, компания басшылығы заңсыз пайда табу үшін жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне қарасты фирманы қосқан. Осы арқылы жалған мәмілелер жасалып, дәрілердің бағасы жасанды түрде өсірілген.

Осылайша, мемлекетке 3,7 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.

Сонымен қатар тергеу барысында компания басшылығы салықтан жалтару үшін жалған кәсіпкерлер арқылы шот-фактуралар рәсімдеп, қаржы шығару схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Осы тәсілмен 4 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ал төленбей қалған салық көлемі 637 миллион теңгеден асады.

Заңсыз табысқа алынған қаражатқа күдіктілер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Қазір бұл мүліктерге тыйым салынды.

Іс бойынша екі күдікті үйқамаққа алынса, үшінші тұлға кепілмен босатылған. Қазір тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қаражатын жымқыру деректері анықталған еді. Прокуратура мәліметінше, жекеменшік және мемлекеттік клиникалар жалған медициналық қызметтерді тіркеп, 200 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Тексеру барысында кейбір дәрігерлердің бір уақытта бірнеше емханада ондаған науқасты "қабылдағаны" туралы жалған деректер енгізілгені белгілі болды. Ал жекеменшік клиникалардың бірі тиісті рұқсатсыз мыңдаған консультация көрсеткен болып, ондаған миллион теңге алған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 09:28