"Екі адамның жағдайы ауыр, біреуі жансақтауда": Бектенов Өскемендегі жарылысқа қатысты министрлерге тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемендегі “Қазцинк” ЖШС зауытында болған жарылысқа байланысты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысы алдында ол Төтенше жағдайлар мен Экология министрлігіне және облыс әкімдігіне қажет шаралар қабылдап, нәтижесі туралы баяндауды тапсырды.
“Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады”, – деді премьер-министр.
Соңғы мәлімет бойынша, зауыттағы жарылыстан тоғыз адам зардап шеккен. Екі адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, тағы біреуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Қазір “Қазцинк” ЖШС аумағындағы өрт оқшауланды. Төтенше жағдайлар министрлігі күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары және құрылымдарды бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр.
Зардап шеккендерді іздеу жалғасуда. Оқиға орнында 40 қызметкер мен 10 техника жұмылдырылған.
Зауыттағы үйінділерді аршу және адамдарды іздеу үшін кинологтар мен апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері іске кірісті.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде зауытта жарылыс болып 4 адам зардап шеккені туралы жазған едік.