Жаңа салық режимі енгізілгеннен кейін 200 мыңнан аса бизнесмен кәсібін тоқтатты

Салық органдары ұсынған статистикаға сәйкес, биыл небәрі үш айдың ішінде 207 мың 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұны былтырғы екі жылдың көрсеткішімен салыстырсақ, бұл шамамен екі есе өсімді көрсетеді.
Демек, салықтық өзгерістер әсерінен қосымша 100 мыңдай жеке бизнес өкілі жұмысын аяқтаған. Бірақ ол жоспарланған көрсеткіштен төмен дейді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Себебі, болжамға сәйкес, арнайы салық режимдерін бизнесті бөлшектеу үшін пайдаланған 300 мыңдай кәсіпкер нарықтан кетуге тиіс еді. Алайда, қызметін тоқтатқандардың негізгі бөлігі – табысы, жұмысшылары мен нақты қызмет белгілері жоқ кәсіпорындар болып шыққан.
ОқыңызНақтырақ айтсақ, 39 мың жеке кәсіпкер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосылған. 11 мыңы бір мезгілде бірнеше компанияны басқарғаны анықталды. Ал 94 мыңы 2025 жылы ешқандай кіріс алмаған екен.
“Бұл – бизнестегі құрылымдық өзгеріс: жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер жабылып, бір бөлігі іріленіп заңды тұлғаға айналып отыр. Ал енді бірі өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде заңдасып жатыр. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі платформалық жұмыспен қамту саласында шоғырланған, яғни бұл ірі ойыншылардың салықтан жалтаруына арналған "схема" емес”, – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұмағарин.
Бұған дейін жаңа салық режиміне өзгерістер енгізілетіні туралы жазған едік. Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе 60 мәселені қарап, ықтимал түзетулер тізімін жариялады.