Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел өзін қорғағаны үшін 4 миллион теңге төлеуге міндеттелді

Өзін қорғау өтемақы
Фото: Stan.kz

Қарағандыда әйел өзін абьюзерден қорғау үшін оны ауыр жарақаттаған. Салдарынан ол көз жұмды. Сот әйел өзін шектен тыс қорғанғаны үшін одан 4 миллион теңге өндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыстық сотта әйел өзін қорғау кезінде тек шектен шыққанын дәлелдей алды. Алайда қаза тапқан ер адамның туысы бастапқыда 16 миллион теңге өтемақы талап етіп, кейін оны 5 миллион теңгеге дейін қысқартқан. Сот шешімімен 3 миллион теңге моральдық зиян үшін және 1 миллион теңгеден астам қаржы материалдық шығын ретінде өндірілді.

“Оқиға салдарынан талапкер туған бауырының қайтыс болуына байланысты моральдық зардап шегіп, жерлеуге қатысты шығындарды көтерген. Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды”, – деді Қазыбек би аудандық №2 сотының судья-үйлестірушісі Ардақ Шаменова.

Бұл оқиға былтыр қаңтарда болған. Сол кезге дейін жарты жыл бойы ер адам әйелді ұрып-соғып, аңдып жүрген. Сот екі рет қорғау нұсқамасын шығарып, оған жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Алайда қайғылы жағдай болған күні ол амалдап әйелдің үйіне кіріп, телефонын тартып алып, кейін пышақпен шабуыл жасаған. Әйелдің қолын тесіп өткен. Соған қарамастан, әйел пышақты тартып алып, шабуылдаушыны жаралаған. Келесі күні ер адам ауруханада қайтыс болды.

Әйел бастапқыда "абайсызда адам өліміне әкеп соққан қасақана зиян келтіру" бабы бойынша айыпталған. Бірақ ол өзін қорғағанын дәлелдеп, амнистияға ілінді.

Марқұмның әпкесі сот шешімімен келіспеді. Ол азаматтық талап-арыз беріп, өтемақы талап еткен. Өтемақы төлеу туралы шешім әлі заңды күшіне енген жоқ, жауапкер оны апелляцияға бермек.

"Сонда мен тірі қалғаным үшін моральдық зиян төлеймін бе? Мәні сол ма? Егер мен қолымды тосып үлгермесем, мені өлтірер еді ғой. Онда ол қазір түрмеде отырар еді, солай емес пе? Ал менің балаларым ешқандай моральдық та, материалдық та өтемақы алмас еді", – дейді жәбірленуші.

Бұған дейін сот ер адамды бұрынғы әйелінің артық салмағына тіл тигізгені үшін өтемақы төлеуге міндеттеган еді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 08:39