Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның солтүстігінде құтырма анықталып, ауылға карантин енгізілді

құтырма ауруы
Фото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысында құтырма ошағы анықталып, елді мекенде карантин енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші" арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында құтыру дерегі тіркелді. Ауыл тұрғыны итінің мінез-құлқы өзгеріп, агрессивті бола бастағанын байқап, ветеринарларға жүгінген.

Оқиға орнына келген мамандар талдау үшін сынама алып, зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесі жануардың құтыру жұқтырғанын растады. Алайда инфекцияның нақты қайдан жұққаны әзірге белгісіз. Мамандар ауру жабайы жануарлардан тарауы мүмкін деп болжап отыр.

Қауіптің алдын алу мақсатында елді мекенде карантин шектеулері енгізілді. Атап айтқанда, жануарларды сатуға және ауыл аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынды. Жыл басынан бері өңірде ит қапқан 200-ден астам адам тіркелген.

Ветеринария басқармасының мәліметінше, шектеу шаралары енгізілгеннен кейін дезинфекция және жануарларды вакцинациялау жұмыстары басталған.

"Қазірдің өзінде 45 жануарға екпе салынған. Оның ішінде 36 ірі қара, бір ит және сегіз мысық бар", – деді ветеринария басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел мысық тістеген соң көз жұмғанын жазған едік. Мысық тістеген соң әйел құтырма ауруының клиникалық белгілерімен Лисаков қалалық ауруханасына жеткізілген. Медициналық көмек туралы өтініш кеш түсіп, науқасты аман алып қалу мүмкін болмаған. Қостанай облысында 2020 жылдан бері құтырма ауруынан қайтыс болу жағдайы бірінші рет тіркеліп отыр. Құтырма – вирус арқылы таралатын аса қауіпті инфекциялық ауру. Аурудың инкубациялық кезеңі ұзаққа созылып, орталық жүйке жүйесін (энцефаломиелит түрінде) зақымдайды және 100% өліммен аяқталады. Сондықтан құтырмаға қарсы вакцина – аурудың алдын алудың жалғыз тиімді жолы.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 09:49