Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салмағы 500 грамнан 1 келіге дейін болған: Әлемдегі жалғыз тоғызем қалай өмір сүріп жатыр

Әлемдегі жалғыз тоғызем
Фото: guinnessworldrecords.co

2021 жылы Халима Сиссе есімді Мали тұрғыны бірден тоғыз сәбиді дүниеге әкелді. Бұл сәбилердің дүниеге келуі бүкіл әлемді таңғалдырған еді. Табиғи жолмен біткен төрт ұл мен бес қыз Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ал олардың денсаулығын әлемдік ақпарат агенттіктері бақылады. Бүлдіршіндер аман қала ма, жоқ па деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүрді. Бағымызға орай, тоғызем бұл сынақтан өтті. Қазір олар өз қатарластарындай өсіп, дамып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бес қыз бен төрт ұл мерзімінен бұрын, жүктіліктің 30-аптасында дүниеге келген. Олардың салмағы 500 грамнан 1 келіге дейін ғана болған, тіпті алақанға сыйып кететіндей кішкентай еді. Қазір тоғыз баланың бәрі денсаулығында аса үлкен мәселе жоқ, кәдімгі ұл-қыздар сияқты өсіп келеді. Сиссе отбасы – бір уақытта тоғыз баланың дүниеге келіп, бәрінің аман қалған тарихтағы алғашқы жағдайы. Қазір балалар 4 жасқа толды.

Жеке үй және тоқтаусыз кір жуу

Балалар жақсы ұйықтауы үшін Халиманың қарапайым қағидасы бар: күндіз олар әбден ойнап, жүгіріп, шаршауы керек. Бір қуантарлығы – балаларға анасы ғана емес, көмекшілер де қарайды. Оған әпкесі, күтушілер және 7 жастағы үлкен қызы Соуда көмектеседі. 

Балалардың әкесі Абделькадер Арби – әскери офицер. Қызметіне байланысты үйде ұзақ уақыт болмайды. Ұзақ үзілістен кейін ғана отбасына бірнеше күнге келіп тұрады. Оның телефонында балаларды кез келген уақытта көре алатын арнайы қосымша орнатылған.

Осындай үлкен топты басқаруға көмектесетін тағы бір нәрсе – тәртіп пен күн тәртібі. Балалардың күнінің әр күн минуты жоспарланған: ұйқы, тамақ, ойын, дәрігерге бару.

Әлемдегі жалғыз тоғызем
Фото: guinnessworldrecords.co

Балаларды ұйықтатқаннан кейінгі ең қиын жұмыс – кір жуу. Кір жуғыш машинаны күн сайын қосуға тура келеді, өйткені тоғыз балаға үнемі таза киім керек.

Балаларға негізгі үйден екі қадам жерде орналасқан бөлек үй жабдықталған. Олар жұқа матрастарда немесе тікелей кілем үстіне төселген сүлгілерде ұйықтайды. Сол бөлмеде тамақтанады. Қабырғалары плиткамен қапталғанымен, түрлі-түсті жануарлармен, әріптермен және сандармен безендірілген.

Жақында балалар балабақшаға бара бастаған. Олар үшін арнайы топ ашылған. Онда мұғалімдер мен тәрбиешілер тоғыземнің қабілетіне, даму деңгейіне және денсаулығына ерекше көңіл бөледі.

Қазір балалар бамана тілінде сөйлейді, бұл тіл Малидің батыс бөлігінде кең таралған, сондай-ақ француз тілін үйреніп жүр. Балалар билегенді өте жақсы көреді. Сондықтан бәрін бір жерге жинап, аз уақытқа тыныштандыру қажет болса, оларға жай ғана “Арам зам зам” әнін қосып қою жеткілікті.

Мінездері әртүрлі

Балалар бірге дүниеге келіп, бірге өсіп, бәрін қатар істеп жүрсе де, мінездері мүлде бөлек.

“Олардың мінездері әртүрлі. Бірі тыныш, бірі шулап жүреді, енді бірі көп жылайды. Кейбірі үнемі қолға алғанды немесе жиі құшақтағанды қалайды”,  – дейді анасы.

Адама – ең үлкені. Ол жаңа дүниемен танысуға құмар, жігерлі, табиғатынан көшбасшы. Көбіне жаңа нәрсені бірінші болып байқап көреді, ал қалғандары оның соңынан ереді. Ән айтқанды және пианино тартқанды жақсы көреді. Кішілеріне ана сияқты қамқор.

Хава – сабырлы, мейірімді, өзгенің көңілкүйін тез сезеді. Бірдеңе болып қалса, бірінші болып жұбатуға келеді. Көбіне бауырының немесе сіңлісінің қолынан ұстап ұйықтайды. Есте сақтау қабілеті өте жақсы.

Уму – байқағыш. Бір нәрсе істемес бұрын ұзақ қарап, бақылап алады. Тыныштықты жақсы көреді, ұзақ уақыт сурет сала алады. Алғашқы кезде ас қорыту жүйесіндегі қиындықтарға байланысты өте әлсіз болған.

Кадидия – зерттеуші. Басқатырғыштарға, құрастыру мен жобалауды қажет ететін ойындарға бейім. Бірде шамның ішіндегі құрылысын білгісі келіп, оны бөлшектеп тастаған.

Фатума – айналасындағылардың бәрін күлдіретін кішкентай көңілді қыз. Әр адамға күлкілі лақап ат қояды. Еліктеуге және қуыршақ театрына икемді. Әпкелерінен бойы сәл аласа болғанымен, денсаулығы жақсы.

Омар – өте байқағыш. Логикалық ойындарды, конструктордан мұнара құрастыруды жақсы көреді. Үй ішінде тәртіпті бақылап жүргенді ұнатады.

Эль-Хаджи – тыныш, ойлы бала. Шетте отырып, бәрін бақылағанды жақсы көреді, ұсақ-түйекке мұқият. Оның сөйлеу дамуында кідіріс болғандықтан, мамандармен көп жұмыс істеуге тура келген. Құстарды ерекше жақсы көреді.

Бах – тынымсыз әрі өте епті. Шапшаң, физикалық тұрғыдан жақсы дамыған, шымыр. Табиғатынан тәуекелшіл. Барлық жерге өрмелеп шығады. Ең үлкен құмарлығы – футбол.

Мұхаммад – ең сүйкімді әрі нәзік бала. Көп сұрақ қояды, құшақтасқанды жақсы көреді. Ол туған кезде ең кішкентай әрі әлсіз болған, бірақ кейін үлкен жетістікке жетіп, жақсы дамып кеткен.

Әлемдегі жалғыз тоғызем
Фото: guinnessworldrecords.co

Туған күнге тоғыз торт алынады

“Балалардың бәрі жақсы, Құдайға шүкір. Биыл олар қатты өсті, көп өзгерді”, – дейді анасы.

Олардың төрт жасқа толған туған күні 2025 жылғы 4 мамырында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Балалар ата-анасымен Бамако қаласындағы қонақүйге келгенде, қонақтар жиналып қойған еді. Қыздар ақ түсті ханшайым көйлегін киіп, бұйра шаштарына қызғылт бантик таққан. Ал ұлдар сұр костюм, жилет және қою қызыл көбелек тағып келген.

Сахнада музыканттар өнер көрсетті. Балалар мерекесіне тән безендірудің басты бөлігі, әрине, шарлар болды. Олар да күткендей екі түсте – қызғылт және көк түсте таңдалған. Туған күн иелері бірінші қатарға отырды. Құттықтаулар мен өнер көрсетулерден кейін торт уақыты келді. Дәлірек айтқанда, тоғыз кішкентай торт ұсынылды. Әр балаға аты жазылған жеке тәтті бұйырды.

Адама, Хава, Уму, Кадидия, Фатума, Омар, Эль-Хаджи, Бах және Мұхаммад алғашқы тортты өздерінің кіндік анасымен бірге кесті. Негізінде исламда христиан дініндегі кіндік ата-ана институтына балама жоқ. Бірақ отбасы өздеріне қамқорлық жасап жүрген қайырымды әйелді осылай атайды. Ол тоғыземге қаржылай көмектеседі. Ал төрт жасқа толған туған күнінде балаларға 5 миллион жергілікті франк, теңгеге шаққанда шамамен 5 миллион теңге сыйлаған.

Әлемдегі жалғыз тоғызем
Фото: guinnessworldrecords.co

Сәбилердің тоқтаусыз легі

Балалардың туған күні – Халима үшін де екінші туған күн. Кесарь тілігі кезінде ол асқынулар мен көп қан жоғалтудың салдарынан өлім аузынан қалған. Кейін жансақтау бөлімі мен ұзақ қалпына келу кезеңінен өткен. Дәрігерлердің айтуынша, батыр ананың тек ішінің өзі 30 келі болған. Бұл – ағзаға түскен орасан салмақ. Жүктіліктің соңғы апталарында оны қатты ауырсыну мазалаған.

Сәбилер 20 минуттың ішінде дүниеге келген. Екі баланың дүниеге келуі ата-ананың өзіне де тосынсый болған. Себебі УДЗ кезінде дәрігерлер тек жеті баланы көрген.

1Оларды ішімнен алып жатқан кезде бұл сәбилердің тоқтаусыз легі сияқты көрінді. Мен бәрін жақсы түсініп жаттым, ал басымда бір ғана ой болды: оларға қалай қараймын? Бізге кім көмектеседі?” – деп еске алады Халима.

Оның да, сәбилерінің де жолы болды. Балалар дүниеге келмей тұрып-ақ Мали үкіметі тоғыземге ұлттық құндылық ретінде қараған. Өз елінде оларға қажетті медициналық көмек көрсете алатын аурухана да, тиісті деңгейдегі дәрігерлер де болмаған. Сондықтан Сиссе жүктіліктің 25-аптасында көрші Марокконың ең үздік ауруханасына жіберілді.

 Көпұрықты жүктілік сирек кездеседі, ал бірден тоғыз баланың дүниеге келуі тіпті ерекше жағдай. Халима Сиссенің оқиғасы – дәрігерлерге белгілі үшінші жағдай. Бұған дейін туған сәбилер әлсіз болған, медицина деңгейі жеткіліксіз болып, дәрігерлер оларды аман алып қала алмаған.

“Біз жеті баланы күткен едік, ал Құдай бізге тоғыз баланы нәсіп етті. Мәселе бір нәрестедегідей, тек бәрі тоғызға көбейеді. Мұнша баланы өсіру – топтық жұмыс. Алғашқы күннен бастап медбикелер, кейін күтушілер де көмектесті”, – дейді балалардың әкесі Абделькадер Арби.

Бірнеше ай бойы балалар қарқынды терапиядағы инкубатор бокстарында жатты. Олар өсіп, күш жинады. Оларды медбикелер мен дәрігерлер тобы тәулік бойы бақылап отырды. Сәбилер әр екі сағат сайын тамақтандырылып, әр үш сағат сайын тексерілді. Алғашқы күндері олар тәулігіне 6 литр сүт қоспасын ішіп, 100 жөргек ауыстырған.

Әкесі жаңа туған балаларымен бір айдан кейін ғана таныса алған.

“Олардың аман қалғаны үшін Құдайға шүкіршілік етемін. Босанғаннан кейінгі әйеліммен сөйлесе алмаған 72 сағат өмірімдегі ең ауыр кезең болды. Ал балаларымды көргенде сөз таппадым. Сол сәтті әлі күнге дейін толық қабылдау қиын”, – дейді ол.

Ауруханадан шыққаннан кейін балалар бір жарым жасқа дейін Мароккода, клиника иелеріне тиесілі арнайы “медициналық” пәтерде тұрған. Оларға медбикелер қарасуға көмектескен. Дәрігерлер олардың денсаулығына қатысты алаңдауға негіз жоқ дегеннен кейін ғана отбасының үйге қайтуына рұқсат берілген. Мали астанасының әуежайында оларды жұлдыздардай қарсы алған.

“Балалар – менің ең жақын достарым. Әр күн – ғажайып оқиға. Тоғызға көбейген бақыт – өміріміздегі ең үлкен сый. Олар біздің өмірімізді махаббат пен күлкіге толтырады”, – дейді Халима.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 09:25