Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға Құрбан айт қарсаңында санитарлық ережелерге қатысты ескерту жасалды

Қой
Фото: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға Құрбан айт мерекесін қауіпсіз өткізу және тағамнан уланудың алдын алу жолдары туралы ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дәрігерлер мереке қарсаңында малды сату және сою кезінде, сондай-ақ тағам дайындау барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау маңызды екенін атап өтті.

“Бұл тағамнан уланудың, жіті ішек инфекциялары мен аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға көмектеседі”, – делінген хабарламада. 

Комитет мәліметінше, мал сату және сою кезінде: 

  • малды сату мен құрбан шалуды тек арнайы белгіленген орындарда жүргізу;
  • жануарларға ветеринариялық құжаттардың болуы; 
  • сою орындарында санитарлық талаптарды сақтау: су, кәріз жүйесінің болуы, қалдықтарды уақтылы шығару және жою; 
  • қызметкерлердің медициналық кітапшаларының болуын және жеке гигиенаны сақтауын қамтамасыз ету қажет.

Ал үй жағдайында қол жуу, бөлмелерді тұрақты түрде желдетіп отыру, өнімдерді тек қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар сенімді орындардан сатып алу, үйде дайындалған консервілерді қолданар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу, тез бұзылатын тағамдарды дайындалғаннан кейін бірден тұтыну және сақтау талаптары бұзылған жағдайда пайдаланбау, инфекциялық және тері ауруларының белгілері бар адамдарды тағам дайындауға жібермеу ұсынылады.

Тамақтану нысандары мен мешіттерде:

  • суық және ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз ету,
  • қол жууға және кептіруге арналған құралдардың болуы,
  • желдету және салқындату жүйелерінің жұмыс істеуі:
  • тағам өнімдеріне құжаттардың болуы
  • қызметкерлерде медициналық кітапшалардың болуы және күнделікті ауысым алдындағы медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету қажет.
“Санитариялық талаптарды сақтамау тағамнан улануға және жұқпалы аурулардың халық арасында таралуына әкелуі мүмкін”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға Құрбан айтта мал сою және етті сақтауға қатысты ескерту жасалған еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 22:03